СҚО-да кәсіпкерлер мемлекетке негізсіз салық төлеп келген

Өңір прокурорлары табиғатты пайдалану саласында талдау жүргізу барысында осындай олқылықты анықтады.

Нақтырақ айтсақ, 2022-2023 жылдары аралығында сегіз мыңнан астам кәсіпкер қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін 321 миллион теңгеден астам төлем жасаған. Ал іс жүзінде олардың салықтан босатылғандығы белгілі болды. Қазір бюджетке түскен қаржы қайтарылып жатыр.

Батыр Қорғанбаев, облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры:

- Прокурорлық қадағалау актісі бойынша облыстық мемлекеттік кірістер департаменті берілген өтініштер негізінде субьектілерге 12 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Қалған сомалар бойынша қазіргі таңда жұмыстар жалғасып жатыр. Олар жаңағы табиғатты пайдаланушының өздерінің арызының негізінде қайтарылады.