Маңғыстау облысында ұстаз мамандығын таңдаған ер-азамат көбейген

Өңір мектептерінде екі мыңға жуық ер мұғалім бар. 

Әсіресе, ауылдағы білім беру ұйымдарында ерлердің қатары толықты. Мысалы, Батыр елдімекеніндегі мектепті  ерекше айтуға болады. Білім ұясынан қанат қаққан түлектер диплом алып, туған жерге оралған.

Батыр ауылындағы номері 10-шы мектепте 62 ер педагог жұмыс істейді. Жас ұстаз Ермек Отарбаев ұжымға биыл қосылған. Ол физика пәнінен сабақ береді. Өзі осы мектептің түлегі.

Ермек Отарбаев, физика пәнінің мұғалімі:

- Қазіргі таңда оқушылардың дүниетанымы өте кең. Соған байланысты біз жаңа технологиялар, жаңа методикалардың көмегімен сабақты қызықты әрі танымды өткізуге тырысамыз.

Мейірім Жанұзақов - технология пәнінің мұғалімі. Темірден түйін түйген шебердің әр сабағын оқушылар асыға күтеді. Білікті ұстаз «Қалдықсыз мектеп» жобасына жетекшілік етеді.

Мейірім Жанұзақов, технология пәнінің мұғалімі:

- Мына бүлінген орындықтарды, сынған мүлікті балаларға қалай жөндеуді үйретіп жатырмыз. Енді қазіргі сәтте осы балалардың арқасында мың жарым орындық пен 600 партаны жөндедік.

Білім ұясында 2500-ден аса оқушы оқиды. Өскелең ұрпаққа 181 мұғалім дәріс өткізеді. Бір атап өтерлігі, ер мұғалімдерді басым көпшілігі - қазақ тілі, тарих, математика, география пәндерінен сабақ береді.

Құралай Нұрманова, Мұнайлы аудандық №10 мектептің директоры:

- Ер азаматтардың жүрісінің өзі мектеп ішінде, соның өзі - тәрбие. Балаларға, ер жігіттерге, мына жасөспірімдерге олардың өмірі үлгі-өнеге.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, төрт жыл бұрын аймақта мыңға жуық ер мұғалім болған. Қазіргі көрсеткіш екі есеге өсті. Жалпы, Маңғыстауда 17 мыңдай ұстаз еңбек етеді. Соның 2024-і ер адам. Бір ғана Мұнайлы ауданында 500-ге тарта азамат мүғалімдік қызметте жүр. Одан кейінгі орында  Бейнеу тұр. Ақтаудан ең алыс ауданда 300-ден аса ер мұғалім жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып келеді. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев