Павлодар облысында 1500 гектар алқапқа қарағай отырғызылды

Павлодар облысында қарағай отырғызу науқаны қызу жүріп жатыр.

Биыл «Ертіс орманы» резерватында 1500 гектар аумаққа жас көшеттер егіледі. Жоспарланған межеге жету үшін тұқымбақтарда 8 миллионнан астам жас ағаш өсірілді. Орман қорын молайту бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруға 400-ге жуық маман жұмылдырылған.

Айтжан Дүйсенбаев орман қорын ұлғайту жұмыстарына атсалысып жүрген орманшылардың бірі. Жас маман әріптестерімен бірге қарағай көшеттерін отырғызу және күтіп-баптаумен айналысады. 

Айтжан Дүйсенбаев, "Ертіс орманы" мемлекеттік орман резерватының орманшысы:

- Көшеттерді отырғызу – жауапты іс. Мәселен, ағашты топыраққа салу кезінде оның тамырына ауа кіріп кетпеуін қадағалау керек. Бұл қарапайым технология сақталмаса, ағаш қурап қалуы мүмкін. Сондықтан, жұмысқа ұқыптылықпен қараймыз. 

Қазір ауа райы өте қолайлы. Жауын-шашын молынан түскендіктен, жас қарағайлар тез бейімделеді. 

Марина Незбаева, "Ертіс орманы" мемлекеттік орман резерваты шалдай филиалының инженері:

- Ағаш отырғызу науқанына 90 техника тартылды. Екі жылдық көшеттер жергілікті тұқымбақтардан әкелінді. Сапасы көңіл көншітерлік. Тамыр жүйесі, ұзындығы талапқа сай. Орман алқаптарының топырағында ылғал көп. Бұл ағаштардың өсіп-өнуіне оң септігін тигізеді.  

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Жергілікті тұқымбақтарда соңғы екі жылда осындай жас көшеттердің 13 млн данасы өсірілген. Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары ағаш отырғызу технологиясы жетілдіріліп келеді. Мәселен, жас көшеттің тамыр жүйесінің ұзындығы 30 сантиметрге жетуі шарт. Яғни, осындай ағаш топыраққа тез бейімделеді.

Өңірде қарағайлы алқаптар кезең кезеңмен ұлғайып келеді. Өткен жылдың күзінде 400 гектар жерге ағаш отырғызылса, биыл бұл көрсеткіш үш есе артты. Ал алдағы екі жыл ішінде тағы алты мың гектарға қылқан жапырақтылар отырғызылады. Орманшылардың ендігі мақсаты өрттен зардап шеккен бірегей орман қорын қалыпқа келтіріп, жасыл желекті қорғау шараларын күшейту.

Ақмарал Есімханова, Дәулет Кошкирбаев, Марат Игіліков