«Ертіс орманы» резерватында өртті тез анықтайтын жүйе орнатылады

Павлодар облысындағы «Ертіс орманы» мемлекеттік резерватында өртті тез анықтайтын жүйе пайда болады.

Жыл аяғына дейін 23 қондырғы орнатылады. Қазір қойылатын орындар белгіленіп, жоспарлы жұмыстар басталды. Мамандардың айтуынша, осындай жүйе төрт жыл бұрын «Бурабай» мемлекеттік паркінде қолданылып, тиімділігін көрсеткен. Өрт айтарлықтай азайған. Қондырлығар оттың шыққан жерін дәлме-дәл анықтап, дереу хабар таратады. Ағаштарды заңсыз кесу, аң аулау фактілерін де анықтауға септігін тигізеді.  

Рустам Бұхарбаев, мердігер ұйым өкілі:

- Жүйе толық автоматты болады. Жай түсіп, түтін шықса, бірден дабыл қағады. Құрылғылар күннен қуат алады. Дизельді генераторлар да орнатылады. Яғни қызметі жыл бойы тоқтамайды. «Орманшы» бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. 

Қобыланды Атығаев, "Ертіс орманы" мемлекеттік резерватының бөлім жетекшісі:

- Заңсыз ағаш кесу фактілерін, жаңағы аң аулау фактілерін немесе орманға заңсыз, рұқсатсыз кірген техникалардың барлығын қадағалауға болады осы жүйенің көмегімен. Өйткені бұл жоғары сапалы камера. Бұл 30 шақырымға дейін жердегі көлікті жақындатып, барлығын көріп алуға болады. Маркасын болсан, қандай көлік, тағы басқа қасиеттерін де біліп алуға болады.