«Жайлы мектеп» жобасы отандық өндіріске серпін береді

2025 жылға дейін Шығыс Қазақстан облысында «Жайлы мектеп» жобасымен 10 мектеп салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы еліміз бойынша 400-ге жуық білім беру мекемесі бой көтереді. Әлеуметтік нысандар құрылысы қарқын алса, кәсіпкерлердің де ісі өрге басары анық. Жаңа  ғимараттарды жабдықтауға жергілікті кәсіпорындардың қауқары жете ме? 

Жайлы мектепте робототехника сыныптары, зертханалар,коворкинг алаңдары, би бөлмелері, бір емес, бірнеше спорт залы болуы қажет. Мердігерге қойылатын талап қатаң. Тіпті әр жиһаздың дизайны маңызды. Жергілікті өндірушілер сөре, парта, орындықпен қамтуға дайын. Әмірхан Қабдиев 15 жылдан бері жиһаз өндірісімен айналысады. Басында шағын цех болса, бүгінде ірі зауытқа айналмақ. Кәсіпкер ұлттық жобаға қатысу үлкен қолдау болар еді дейді.

Әмірхан Қабдиев, кәсіпкер:

- Маңыздысы, шетелден тасымалданған шығындарды, кеден шығындарын, солар болмаса, бірден отандық өніді қолдаған боламыз.

Әріптесі Амандос Наурызхан да осындай пікірде. Мектептерде ұлттық нақыштың бір белгісі болғаны дұрыс, - дейді ол. Жергілікті жиһаз цехтарын  осыдан 10 жыл бұрыңғы кезеңмен салыстыруға келмейді. Заманауи жабдықтың түрі бар. Кез келген материалды сапалы дүниеге айналдыра алады.

Амандос Наурызхан, жиһаз компаниясының директоры:

- 10 жыл бұрын жергілікті өнірушілердің күші аз болды, білімі, техникасы, станоктары аз болды. Қазір бізде жеткілікті білім бар, қазір темір ағаш ЛДСП, МДФ, кез келген материалды өңдеп, істей аламыз. Мысалы, біз кез келген жерге қазақилықты қосып жібере аламыз да, шетелдіктер қазақилықты қоса алмауы мүмкін деген сияқты.

Алайда «Жайлы мектепті» жабдықтау тек жиһаздан ғана тұрмайды.

Қайрат Мамырбаев, кәсіпкерлер палатасының директоры:

- Жайлы мектепті жабдықтауда 1,5 мың позиция бар екен. Мәселен, химия және физика кабинеттеріне колба қажет. Бұл шыны сауыттардың өзі 25 позициядан тұрады. Оны мердігер бір жерден табу керек қой. Өйткені бұл ыдыстар Қазақстанда өндірілімейді.

Елімізде «өндірілмейтін өнім» деген болмауы керек, - дейді сарапшы Шыңғыс Рияханов. Айтуынша, жоқ заттарды шетелден сатып алуға кететін шығынды отандық өндіріске жұмсаған жөн. Бұл туралы талай рет депутаттық сауал да жолданған.

Шыңғыс Риаханов, «Ақ жол» партиясы ұлттық кеңесінің хатшысы:

- Сатып алуға жұмсалатын және шетелге кетіп жатқан миллиардттардың орнына соларды Қазақстанға қарай бағыттап, өзіміздің өндіріс орындарын ашып, өзіміздің ішкі нарықты толтыруға мүмкіндік ашуға болатын еді. Жүздеген миллиард теңгені біз мына ГЧП, офтейк-контракт механизмін қолданып, өзіміздің өндірістерді аша алатын едік.

«Жайлы мектеп» жобасының бюджеті 2,5 триллион теңгеден асады. Шығыс Қазақстан облысында алдағы 2 жылда 10 мектеп салынады. Оның бесеуі облыс орталығында бой көтереді.

Авторлары: Эльмира Ахметова. Дмитрий Пыхтин.