Бүгін – авиадиспетчерлердің халықаралық кәсіби мерекесі

1961 жылы 20-шы қазанда Нидерланд астанасы Амстердамда Авиациялық диспетчерлер қауымдастығының халықаралық федерациясы құрылған болатын.

Әлемдегі мыңдаған авиадиспетчерге күніне 5 миллионнан аса жолаушы өмірін сеніп тапсырады.

Қазақстан - Еуразия құрлығындағы ірі мемлекеттің бірі. Сондықтан 2700 шаршы шақырымға созылған әуе кеңістігімізді еуропалық, азиялық, Таяу Шығыс және Батыс елдерінің әуе компаниялары тұрақты пайдаланады.

Еліміздің әуе кеңістігі арқылы бір мезетте 90-ға жуық ұшақ ұшады. Ал жолаушылар, жүк, әскери ұшақтар мен арнайы рейстерді есептегенде тәулігіне 2,5 мыңнан астам борт Қазақстан аумағын кесіп өтеді. Оның барлығына Қазаэронавигация кәсіпорнының 4 аймақтық орталығындағы 800 диспетчер жөн сілтеп отырады. Олар Алматы, Астана, Ақтөбе және Шымкентте орналасқан. Мысалы, Алматыдағы оңтүстік-шығыс орталығы әуедегі қозғалыстың үштен бірін немесе 600 ұшақты бақылап, байланыс орнатып отырады. Бұл орталық әуе кеңістігінің миллионнан аса шаршы шақырымына жауапты. Мұндағылар Алматы халықаралық әуежайынан өзге Талдықорған, Боралдай және Үшарал әуежайына қызмет көрсетеді.

Алексей Афанаси, әуе қозғалысын басқару қызметі басшысының орынбасары:

- Біздің аймақтағы әуе қозғалысының тығыздығы еуропадағыдай емес. Онда әуежайлар көп, арасы жақын орналасқан. Еуропадағы әуе қозғалысы өте тығыз. Біздегі көрсеткіш аз болғанымен, жыл сайын саны артып келеді. Украинаның әуе кеңісітігі жабылғандықтан, көптеген ұшақтар біздің еліміз арқылы өтіп жатыр.

Орталықтағы авиадиспетчерлер үш аусыммен және бір топта 24 адамнан жұмыс істейді. Бірінші топ әуе кемелерінің қозғалтқышы оталған сәттен 6 мың метр биіктікке көтерілгенге дейінгі қимылын бақылап отырады. Екінші топ мамандары 6 мың метр биіктіктен асқан ұшақтарды қадағалайды. Рейстердің саны таңғы және кешкі уақытта артады екен. Күтпеген жағдай жиі болып тұрады,-дейді авиадиспетчерлер. Мысалы, туристік маусым кезінде Стамбұл-Токио рейсінде төтенше жағдай орын алыпты. Балқаш көлінің үстінен өтіп бара жатқан ұшақтағы бір жолаушының жағдайы күрт нашарлаған.

Құрмет Қамбаров, оңтүстік-шығыс аймақтық орталығының авиадиспетчері:

- Кез-келген жағдайларға жасалынатын арнайы іс-шаралар қолданылған. Тез аудандық аэродром диспетчерлерімен келісу арқылы сол рейсті біз қысқаша маршрутпен Алматы әуежайына қондырып, жедел жәрдем қызметін ұсынып, науқас жолаушыға өз қызметін көрсеттік.

Бұл жағдайдан да күрделі, қауіпті сынақтар болып тұрады екен. Сондықтан авиадиспетчерлер сабырмен жылдам шешім қабылдай білуі керек. Негізгі талаптың бірі – ағылшын тілін жетік білу тиіс. Үш жыл сайын шет тілінен тест тапсырып, міндетті медициналық тексеруден өтіп тұрады. 

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев