Қарағандыда отбасына көмек көрсетудің бірыңғай орталығы жұмыс істеп тұр

Қарағандыдағы полиция департаменті жанынан құрылған отбасына көмек орталығы мамандарынан екі айда 400 әйел кеңес алған.

Өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бойынша пилоттық жоба басталды. Бұл орайда полицейлер халықаралық тәжірибеге сүйенбек.

30 жастағы Назеркенің тұрмыс құрғанына жеті жыл болған. Бүгінде екі баланың анасы. Бірақ күйеуімен қарым-қатынасы дұрыс болмай жүр. Сырын ішіне сақтаған ол, жақында орталық туралы естіген.  Сөйтіп, арнайы келіп көрмек болыпты.

Назерке, қала тұрғыны:

Жолдасым өте агрессиямен қарайды. Мен өз өмірім үшін де, бала-шағамның психологиялық жағдайы үшін де қорқамын.

Мұнда келетіндердің тағдыры ұқсас. Сондықтан мұнда теолог, психолог, жеке сот орындаушылары жұмыс істейді. Арасында ерікті түрде келіп кеңес беретіндер бар. Адина Рақымжанова солардың бірі.

Адина Рақымжанова, ерікті заңгер:

- Тегін көмек көрсетуімнің себебі кезінде өз басымнан да қиын тағдыр өтті. Сол кезде өз құқығымды білмей көп қиындық көрдім. Сондықтан мен өз білімімді пайдаға жаратқым келді. Ажырасу деген басы ғана одан кейін алимент, мүлікті бөлісу сынды ұзақ процедуралар бар. Осының барлығында заңдық көмек керек болады. Керек болса сотқа да барып құқығын қорғап беремін.

Орталық бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істейді. Қызметкерлер жедел ақпаратқа қол жеткізуі үшін құқық қорғау органдарының ведомстволық базасына қосылған. Эксперименталды түрде әйелдер полиция бөлімшесі құрылды. Яғни қызметкердің барлығы әйел. Осылайша қарым-қатынасты мүмкіндігінше сенімді етуге тырысқан.

Гүлбану Сәтпаева-Алпысбаева, отбасына көмек көрсету орталығының жетекшісі:

Бір жерге келіп, бір орыннан өзіне қажетті барлық ақпаратты алып кетеді. Келіп жатқан қыз-келіншектер өте көп. Біз олардың аты-жөнін сұрап, кім, қандай мәселемен келді деп тиіспейміз. Әйтеуір келіп, өзіне пайдалы ақпарат алса болды. Бізге тіпті бір ер азамат келді бір проблемасымен әйеліммен айырылысқым келмейді, бірақ ол нақты шешімге келіп отыр деп. Сосын біз оны психологқа жібердік. Сосын отбасымен, әйелімен жеке-жеке сөйлесіп, әйел адам арызын қайтарып алды.

Орталыққа келетіндердің көбі алимент бойынша қарызын өндіре алмай жүргендер, дейді мамандар. Одан бөлек отбасында қиындық көргендер. Көмек сұрай келген 7 әйел мен 15 бала дағдарыс орталығына жіберілген. Олар онда жарты жылға дейін тұрып, қосымша білім алып, өмірге бейімделеді.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар