Қызылорда облысында жерасты су ұңғымалары қазылып жатыр

Қызылорда облысында бес жерасты су ұңғымасы қазылып жатыр.

90-100 метр тереңдіктен алынатын тіршілік нәрі елдімекендерге су жеткізу үшін қажет. Аймақтағы ағын судың тапшылығынан кейін, Жалағаш ауданында осы әдіс қолға алынды. Тиімділігін көрсетсе, өзге ауылдарда егістік осындай әдіспен суарылмақ.

Сырдария өзенінің деңгейі төмендегелі Жалағаш ауданының бірнеше елді мекенінің арық жүйелері құрғап қалған. Су арналарындағы азғантай тіршілік нәрі күріштіктен артылмайды. Мұндай жағдай бірнеше жыл қатарынан қайталанып отыр.

Ақарыстан Ақатайұлы, Жаңаталап ауылының тұрғыны:

- Тіпті жиырма күн су болмай қалады. Сол кезде әрбір үй шамасы келгендері жер астынан қазіп, насоспенен лаждап шығып жүрміз қиыншылықтан. Жеміс ағаштары бар еді біраз адамдардың. Біразына су жетпей қалып жатыр. Еккен бақшалары су бармай қурап қалу деген проблемалар да болып тұр.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- 150-дей отбасы тұратын Жаңаталап ауылында соңғы жылдары егінге су жеткізу қиындап кеткен еді. Өзекті мәселені шешу үшін мынадай 3 жерасты су ұңғымасы қазылып жатыр. Ал келесі жылдан бастап арық жүйелері ретке келтірілмек.

Биыл Қаракеткен елді мекенінің де бау-бақшасы жайқала алмады. Осыған байланысты бұл ауылға да жер асты суын пайдалануға мүмкіндік жасау үшін тағы екі ұңғыманың құрылысы қолға алынған.

Ғабит Ербол, Жалағаш аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- 90 метрлік қазір бір ұңғымадан секунтына 15 кубтан шығарып беріп тұр осы кезде. Әрі қарай жұмыстар жүргізілуде. Толық жұмыс 31 қазан айында аяқталатын болады. 

Жоба жемісін берсе, келесі жылы өңірдегі өзегі кебе бастаған өзге ауылдардың да ағын су мәселесін осындай әдіспен шешу жоспарланып отыр.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев