Қазақстан АЭС салуға қатысты өтінімдерді қарау тоқтатылды

Қазақстан атом электр станциясын салуға қатысты өтінімдерді қарауды тоқтатты.

Мұны бүгін энергетика министрі айтты. "Алдымен консультацияның нәтижесі бойынша референдум өтетін күн жарияланады" деді Алмасадам Сәтқалиев. Ведомство басшысы қоғаммен қызу диалог жүріп жатқанын айтты. Әрі станция құрылысына қолдау бар екенін де атап өтті. "Қазақстан атом электр станциялары" компаниясы мен Ұлттық ядролық орталықтың және өзге де институттардың өкілдері кестеге сай еліміздің шаһарларын аралап, тұрғындармен, мүдделі тараппен кездесу өткізіп жүр. Мамандар Қарағанды, Астана сынды бірқатар ірі қалада болған. 

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

- Консультациялардың қорытындысы бойынша жалпыұлттық референдумның күні белгіленеді. Маған әзірше бұл күн беймәлім. Жалпыұлттық референдумды ұйымдастыру мен өткізу уәкілетті органдардың құзыретіне жатады және конституциялық заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады. Ал Энергетика министрлігі бұл процеске техникалық, сараптамалық қолдау көрсетеді.

Сұйытылған газ біртіндеп қымбаттайды

Министр бензин бағасының өсуіне қатысты да пікір білдірді. Бұған ешқандай алыпсатарлық әсер етіп жатқан жоқ деді. Бір ай бойы Атырау мұнай өңдеу зауыты жөндеуден өтті. 2-ші қараша күні кәсіпорын іске қосылмақ. Осыдан соң Алмасадам Сәтқалиев сұйытылған газға тоқталды. Бірнеше жылда оның бағасы айтарлықтай қымбаттайды деді. Қазір өңірдегі ең төмен баға бізде. Сондықтан өндірушілер үшін газды шетелге сатқан тиімді.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

- Сұйытылған газдың бағасын нарық реттемейді. Ішкі нарыққа газ сату компаниялар үшін шығын деп айтсақ болады. Сондықтан бағаны бұлай ұзақ ұстап тұру мүмкін емес. Осыны ескеріп, көлік жүргізушілер газ қондырғыларын орнатпағаны абзал. Күрт өсім болмағанымен бірнеше жыл ішінде ішкі нарықтың бағасы экспортпен теңесетіні анық.