Қазақстанда жыл соңына дейін 11 базар жаңғыртылады

Алматы, Түркістан және Шымкент қалаларындағы сауда нысандары заман талабына сай жаңартылмақ.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, елде екі жыл көлемінде тағы 60- қа жуық базарды жаңарту көзделеді. Арнайы Жол картасына сәйкес ескі құрылыс нысандары күрделі жөндеуден өтеді. Бұл жұмыстар 8 жыл бұрын басталған. Осы уақыт ішінде қазақстандық базарлардың 30%-ы ғана заманауи сауда форматына ауыстырылды.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

- Ең бастысы олар өрт, санитарлық және құрылыс қауіпсіздігі нормаларына сай болуы керек. Біз сауданың әртараптылығын қолдаймыз. Бірақ көлеңкелі сауда мен антисанитарияға жол жоқ. Сонымен қатар, базар әкімшілігі мен жалға алушылардың арасында проблемалар бар. Шағымдар да көп түседі. Ол - реглементтің жоқтығы, жалдау ақысын көтеру, қосымша қызметтерді жүктеу. Проблемалардың бір бөлігі заңнамалық деңгейде шешілді. Меншік иелерінің сауданы ұйымдастырудағы жеке жауапкершілік енгізілді. базарларға қойылатын талаптар анықталды. Базарларда цифрландыру жүргізілуде.