Алматыдағы екінші жылу электр орталығы 2026 жылы толығымен газға көшеді

Алматыдағы екінші жылу электр орталығы 2026 жылы толығымен газға көшеді.

Оны қайта жаңғырту жұмыстары 2025 жылы басталады. Энергетикалық нысанда қуаты 557 мегаваттық бу-газ қондырғысы орнатылады. Бұл туралы бүгін қала халқымен кездесуде Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты. Мегаполистегі бірінші және үшінші жылу электр орталығы да қайта жабдықталып, газға ауыстырылады. Біріншісіне қуаты 225, ал үшіншісіне 545 мегаватт болатын бу-газ қондырғысы қойылып, станцияның ауқымы кеңейтіледі. Мұның барлығы Алматы агломерациясының энергетикалық қуатын айтарлықтай арттырып, қоршаған ортаны ластауды азайтады. Қазір жылу орталықтарының барлығы қысқы мерзімге әзір. Қажетті отын қоры жеткілікті, - деді министр.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

- Алматыдағы барлық үш жылу электр орталығы қуаттылығы артып, газға көшеді. Бүгін біз энергетика нысандарының қыс мезгіліне дайындығын тексеріп шықтық. Компания басшылығының жоспарлары, инвестициялық міндеттемелерді қалай орындап жатқандығы осының бәрі айтылды. Барлығы бекітілген кестеге сәйкес жасалуда. Қайта жаңғыртудан соң қуат көзін арттыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, әрбір станция кем дегенде 30-40 процентке қуаттылығын арттырады.