Қостанайда куәліксіз көлік тізгіндегендер ұсталды

Қостанайда жүргізуші куәлігінен айырыла тұра көлік тізгіндегендер ұсталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыстық прокуратура мен полиция бірлесіп жүргізген рейд кезінде 400-ден астам адамның осындай әрекетке барғаны анықталды. Олар бақылау камераларына түсіп қалған. Дені жылдамдықты шектен тыс асырғандығы үшін жауапкершілікке тартылды. Бірақ оны елеп жатқандар аз. Көлік жүргізуге құқы болмаса да, қайтадан рөлге отырған.  Полицияның электронды базасы қазір осындай заң бұзушылардың тізіміне толы. Әзірге облыс орталығының 14 тұрғыны әкімшілік жауапкершіліке тартылды. Заң бойынша айыппұлдан тыс, 10 тәулікке қамауға алу жазасы қарастырылған.

Әсет Есенғазин, қалалық прокуратураның бөлім прокуроры:

- Жаза қатаңдаса да, мас күйінде көлік жүргізушілер азайды деп айта алмаймыз. Жыл сайын ішімдік ішкен 1500-ден астам адам ұсталады. Енді олар «Автоураган» камерасына немесе жылжымалы «Екин Патруль» кешенінің назарына іліксе, ақпарат бірден полиция патруліне жіберіледі. Лезінше иесі анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тарту ісі қаралады.