Елде паллиативті көмекке мұқтаж 100 мыңнан астам азамат бар

Қатерлі ісік, иммун тапшылығы вирусы, жүрек жетіспеушілігі сияқты аурулардың асқынған кезеңінде адамға ем қонбайды.

Науқастарға дәрі-дәрмектің күші жетпегенде мамандар «паллиативті көмек» көрсетеді. Яғни ақ халаттылар әрдайым дерті асқынған адамың жанынан табылып, психологиялық тұрғыда қолдау көрсетеді.

Мадина Көшікбаеваның жасы 52-де. Өкпенің қатерлі ісігі ауруына шалдыққанына 6 жылдан асты. Қазір медицина орталықтарының біріндегі «паллиативтік бөлімшесіне» жайғасып емін алуда. Ал мына оттегі ингаляторы,, өмірінің айнымас бөлшегіне айналған.

Мадина Көшікбаева, емделуші:

- Ауыр жағдайда келдім осы жерге. Тыныс алу жолдарым өте қысылған. Ұйықтай алмаймын. Тіпті су өтпей қалды маған. Біз үшін, біз сияқты науқас жандарға дәрігерлердің айтқан бір жылы сөзі, күліп қараған көзі, бізді түсінгені – оның өзі бір үлкен ем деп ойлаймын.

Дерттің соңғы сатысында адамға ем қонбайды. Мұндай кезде ақ халаттылар,, науқастарға жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың жай-күйін жақсартуға бағытталған шараларды жүргізіп отырады. Паллиативті көмек дегеніміз де осы. Бүгінгі күні елімізде 100 мыңнан астам адам осындай қолдауға мұқтаж. Бұл тұрғыда Мәжіліс депутаттары ауыр санаттағы науқастарға тиісінше көмек көрсетіліп жатқан жоқ деп отыр.

Ирина Смирнова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Көптеген медицина ұйымы науқастарға тиісті ем шараларын ұсынбай, үйлеріне қайтарып жібереді. Азаматтар үшін ауырғанды басатын дәрі-дәрмек те қолжетімсіз болып тұр. Яғни оны тек емханалардан алуға болады. Осылайша дерті асқынған науқастар өздеріне тиісті паллиативті көмекті ала алмай отыр.

Қазақстанда мамандандырылған хоспистер жеткіліксіз. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше,, қазір елде мұндай арнайы мекемелердің тек 12-сі ғана бар. Паллиативті көмек болса онкологиялық орталықтарда ғана көрсетіледі. Олардың саны 200-ге жуықтайды. Дегенмен ондағы медициналық құрал-жабдықтарды жаңартып отыру да – бір мәселе. Оған бөлінетін қаржы көлемі өте аз...

Гүлнәр Қоңырова, Қазақстан паллиативті көмек қауымдастығының президенті:

- Хоспистердің шығыны күніне 20 мың теңге. Бұл мекемелер төсек орындардың өзін жаңартып отыруға қауқарсыз. Бірақ мәселе ода ғана емес. Паллиативті көмекке сай тағы түрлі қажетті зат сатып алынуы тиіс. Мәселен оттегі маскалары мен арнайы ванналар секілді дүниелер қажет. Бірақ оған бөлінетін қаражат жетпейді.

Медицина дамыса да, ырыққа көнбейтін ауыр дерттің бары жасырын емес. Алайда аты жаман аурудың зардабын жеңілдету қолдан келер шаруа. Тек бұл сала мемлекеттің қолдауына зәру. Осы тұрғыда Гүлнар Қоңырова паллиативті көмекке назар аударып, науқастың аз ғұмырын ауырсынусыз өткізуіне жағдай жасауды ұсынды.

Авторы: Альмира Оразбай