Қала құрылысына жаңаша көзқарас керек

Қазақстан әлі күнге қала құрылысын кеңестік стандарттар негізінде жүргізеді.

Бұл қазіргі жағдайға мүлдем сай келмейді. Соның салдарынан қоғамда құрылыс сапасына қатысты сын көп. Үлкен шаһарлардағы жылу мен судың жетпей қалуы, ұзын-сонар кептеліс сол түйткілдердің бір көрінісі.

Сондықтан тұрғын үй салу мен инфрақұрылым жүргізуде батыс стандарттарын назарға алу керек. АҚШ-та қаланы жоспарлау және урбанистика бойынша білім алып жатқан қазақстандық Ердәулет Тастанбек аталған мәселенің басты шешімі дұрыс жоспарлануына тікелей байланысты екенін айтады.

Миллиондаған тұрғыны бар АҚШ-тың алып шаһарлары халықтың қалыпты тіршілігіне барынша қолайлы  жоспарланған. Мұнда тұрғындар жол мен электр жарығының жоқтығы, судың жетіспеушілігі секілді мәселелерге бас ауырта бермейді. Бостон университенінің магистрі, құрылыс инженері Ердәулет Тастанбектің айтуынша сауатты жоспарланған жобаның игілін халық көреді. Инфрақұрылымға үлкен мән беретін америкалық мердігерлер алдымен тұрғындармен санасады.

Ердәулет Тастанбек, Бостон университетінің магистранты:

- Соңғы 20 жылда бүкіл әлем бойынша қалалардағы адамдардың саны едәуір артқан. Яғни адамдар ауылдан қалалық жерге көбірек қоныстанып жатыр. Адамдар саны көбейген сайын қалалық транспорттар мысалға айтатын болсақ, ауруханалар, балабақшалар, мектептер тағы да сондай сиқты нәрселер жетіспей жатыр. Америкада Community Engagement деген бар. Community Engagement дегеніміз ол қоғаммен байланыс. Мысалы қаланы жоспарлаған кезде кез келген көшеге дүкен салып жатса да олар сол қаланың тұрғындарынан сұрайды. Осындай халықпен байланыс бізде қазірде жетіспейді.

Ердәулет егемендік алғалы бері қолданыстағы стандарттардың ескіргені құрылыс саласының да сапасына әсер ететінін айтады. АҚШ-тың урбанистерінен әлі де үйренеріміз мол деген отандасымыз алдағы уақытта Қазақстанда тұрғындарға қолайлы қалаларды қалыптастыруға атсалысуды мақсат етіп отыр.

Ердәулет Тастанбек, Бостон университетінің магистранты:

- Қазіргі кезде Қазақстанда көбінесе біз білеміз үй салып жатқан кезде СНиП стандарттар, яғни көбінесе ТМД елдері қолданылатын стандарттарды қолданады және сол стандарттар соңғы тәуелсіздік алған кезден бастап қазіргі күнге дейін қолданылып келе жатыр. Негізінен әлемдік стандарттар бойынша ең үздік ол американдық және еуропалық стандарттар болып саналады. Болашақта енді Қазақстан сол стандартқа өтуі керек деп есептеймін.

Батыс стандарттарының тағы бір ерекшелігі қоршаған ортаны қорғау үшін қалдықсыз құрлыс жүргізуге басымдық беріледі. Ердәулет Тастанбектың айтуынша, елімізде де құрылыс алаңдарынан күнделікті шығып жатқан қалдықтарды қайта кәдеге жаратуды ойластырған жөн.