Жол құрылысының сапасын жақсартуда ғылыми кадрға мән берген жөн

Жол құрылысының сапасын жақсарту үшін ғылыми кадр мәселесіне мән берген жөн.

Өйткені соңғы 13 жылда тек екі адам бұл салада докторлықты қорғаған. Бұл туралы «Қазтрафик -2023» жол құрылысшыларының халықаралық көрме-конференциясында айтылды. Ауқымды шараға 11 мемлекеттен  100-ден астам қатысушы тіркелген.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Бірі білсе, бірі білмес – мынау киізге ұқсайтын материал жолды бекітуге арналған құрал. Оны қостанайлық зауытта өндіреді екен. Ең қызығы көрмеде ұсынылған өнімнің жасалу процесі де бұл жерде егжей-тегжейлі түсіндірілген. Мысалы әлгіндей киіз материалды өндіру үшін осындай пластик бөтелкелер өңделеді де ұсақталып, арнайы осындай пластик құбырлар, канистралар осындай ұсақ бытыра түріне енгізілген соң мынадай материалдар қосылады. Бұл да жұмсақ мақта сияқты бөтелкеден жасалған материал.  Міне осының бәрі қосылып, әлгіндей мата түзіледі. Одан кейін ол жолдың арасына салынады. 

Жандос Жақсыбаев, геотекстиль өндірісінің өкілі (Қостанай):

- Кейінгі жобаларды мысалға келтірсек, Қызылорда-Жезқазған жолының құрылысына бір миллион шаршы метрге жуық осындай геотекстиль өндірдік. Жалпы, бізде өнімнің түр-түрі бар. Мәселен, екі және үш қабатты геокомпозит шығарамыз. Ол әуежайдағы ұшып-қону жолағының  құрылысына қолданылатын материалдар. Бір жағына үлдір жабыстырылған мынадай материалға геотекстиль қосылған. Оны бетон жолдарға қолданады. Біздегі  жолдарҒА осы өнім салынған.

Осы сияқты жол құрылысына қажет шикізат өндіретін компаниялар көрмеде небір өнімін ұсынған. Сондай-ақ, сала мамандары ғылыми конференцияда озық технология мен тың тәжірибесін ортаға салды. Қазақстандық тарап 4 бірдей жобасын таныстырды. Көрмеде ұсынылған өнімнің бәрі жол сапасын жақсартуға бағытталған.

Ал елдегі жыр болған жол мәселесі өзектілігін таяу жылдары жоғалтпақ емес. «Сондықтан, жол құрылысында үздік технологияны қолдануға мүдделіміз» дейді, автомобиль жолдары комитетінің төрағасы. 

Төлеген Абдулин, автомобиль жолдары комитетінің төрағасы:

- Биыл қазір көп проектер Қарағанды - Алматы, Талдықорған - Өскемен, Ақтөбе - Атырау - Астрахань жолдары, Мерке - Бурабайтал, Үшарал - Достық. Бұл проектер максимально проезд беріп,  келесі жылы тапсырайын деп жатырмыз. Ең біріншіден осы жұмыстарды бітіріп, ары қарай келесі жылдан бастап 2029 жылға дейінгі 4,7 мың шақырым жоспарланған объемдар бар. 

Әсел Нұғманова, "Қазжол" ғылыми зерттеу институты орталығының директоры:

- Әрине салада қордаланып қалған мәселе жетеді. Оның бірі кадр тапшылығы. Осы ретте Қазжол ғылыми институты сала мамандарының біліктілігін арттыру бойынша  орталық жұмысын қолға алған. Сондай-ақ жол жөндеумен айналысатын мамандарды шетелдік тағылымдамадан өту мүмкіндігі қарастырылған. Міне бүгін Мәскеулік автожол институтымен келісімге отырдық. Бұдан бөлек, сарапшыларымызды Қытайға жібергелі жатырмыз.  

Әсел Нұғманованың айтуынша, саланы цифрландыруда ауыз толтырып айтарлық жетістіктер бар. Бірақ жолдардың сапасын жақсарту үшін ең алдымен ғылымға бет бұрған абзал. Өкінішке қарай,  отандық ғылыми жобаларға қаржы аз бөлінеді. Сол себептен болар, тасжол құрылысы мен технологиясы саласында соңғы 13 жылда екі адам ғана PhD докторы атанған. Демек, ғылыми әлеуетті арттыруда әлі талай шаруа атқарылуы тиіс.  

Бақыт Топтаева, Нұрғали Мамырбаев