Ақтауда теңізшілерге жаңа казарма берілді

Ақтауда еліміздің әскери-теңіз күштеріне арналған жаңа казарма пайдалануға берілді.

Аумағы 100 шаршы метр болатын  әскери нысанды қазақстандық мердігер  үш айда салып болды. Қажет болса,  қосалқы ғимарат қосуға болады. Модульді казарма байланыс және инженерлік желілерімен жабдықталған.  Жаңа ғимаратқа биыл күзде әскерге шақыртылған 100 матрос орналасты.

Таңсәріден кезекші команда берген бойда казармада қызу тірлік басталады. Ала жолақ жейделі жігіттер Орал, Павлодар, Өскемен, Тараздан әскерге шақыртылған. Соның бірі Даниал Мұрат. Алматы қаласының тумасы болашақ журналист. Армияға өз еркімен келгенін айтады. 

Даниал Мұрат, теңізші:

- Екінші курста академиялық демалыс алып, Отан алдындағы борышымды өтеу үшін келіп тұрмын. Ақтау қаласын әдейі таңдадым. Теңізді көру үшін, кораблге түсу үшін. Бағыма орай, осы жаңа казармаға түсіп жатырмын. Казарманың жағдайы жақсы, іші жылы.

Отандық үлгідегі ғимарат әскери теңіз базасында орналасқан. Модульді нысанға қажеттілігіне қарай штаб, санитарлық тағы басқа блоктарды жалғап салуға болады. Матростар жаңа казармада алғашқы даярлық курсынан өтіп жатыр. Кейін олар әртекті кемелер дивизионы, десанттық-шабуыл батальоны және коменданттық ротаға бөлінеді.

Алмат Нұртаев, №29011 әскери бөлімнің рота командирі:

- Әскери теңіз күштеріне бірінші рет модульді казарма салынды. Бұл казарма қысқа мерзімде салынды. Құрылысы маусым айында басталды, қыркүйекте аяқталды. Қазір бір ай бойы жас сарбаздар курстан өтеді. Салтанатты ант қабылдау шарасынан өтеді. Одан кейін олар нағыз теңізшілер қатарына кіреді.

Келер жылы еліміздің әскери теңіз күштері тағы 6 модульді казармамен қамтамасыз етіледі. Олар Каспий жағалауында әскери сүңгуірлерді дайындайтын оқу-жаттығу кешені жанынан салынып жатыр. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев