20 миллионыншы тұрғынның бірі Талдықорғанда тұрады

Еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанған 5 сәбидің бірі Талдықорған қаласында дүниеге келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айсұлтан есімді нәрестенің бойы – 50 см, салмағы – 3 келі. Отбасындағы төртінші бала. Яғни, алдында бір әпкесі және 2 ағасы бар. Анасы Диана Әзімбаева қарашаның 14-і күні перзентханаға түсіп, дәрігерлер сол күні босандырған. Қазір нәресте мен анасы мамандардың бақылауына алынды. Шаңырағы шаттыққа бөленген Әзімбаевтар отбасына Мемлекет басшысы атынан тарту-таралғылар табыс етілді.

Диана Әзімбаева, анасы:

- Өте қуаныштымын, денсаулығым жақсы, баланың да денсаулығы жақсы. Дәрігерлер жақсы қарап жатыр. Шүкір, аман-есен.

Мұхтар Әзімбаев, әкесі:

- Үйде менің балам, сыртта еліне, жұртына қызмет ететін халықтың баласы болып өсуін тілеймін.