Атырауда 20 миллионыншы тұрғын перзентханадан шықты

Ел халқының санын 20 миллионға жеткізген тағы бір сәби – Атырау қаласының тұрғыны бүгін үйіне шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ана мен баланың жағдайы жақсы. Атұстардың салмағы – 3 келі 660 грамм, бойы – 54 сантиметр. Сәби ата-анасының 4 жыл күткен тұңғышы екен. Отбасын қос қуанышпен құттықтауға облыс әкімі арнайы келіп, сыйлық табыстады. Сондай-ақ банк тарапынан 2 миллион теңгенің сертификаты берілді.  

Айдана Оразымбетова, анасы:

- 4 жыл күткен тұңғышымыз ғой. Мұхаммедіміз дүниеге кеп жатыр. Шүкір. Қуаныштың үстіне қуаныш. Таңертең осы жаңалықты естіп жатырмыз. 20 миллионыншы дүниеге келді дегенде қатты қуандық. 

Назымгүл Меңдешова, қалалық перзентхана директорының орынбасары:

- Мемлекетімізде 20 миллионыншы сәби Атырау қаласының перзентханасында дүниеге келіп жатыр. Ана мен сәбидің денсаулығы жақсы. Үйіне шығуға дайындалып жатыр. Бұл ана бізге 1 тәулік бұрын патология бөлімінде бақылауда болды. Ұл жынысты 8:10-да дүниеге келді. Дүниеге келген сәби үшін барша Қазақстан боп қуанып жатырмыз.