Кәсіп түбі - нәсіп

Алпысты алқымдаған Нұрсұлтан Палуанов біраз жылдан бері торт пісіріп сатады.

Төрт баланың әкесі бұл кәсіпті тоқырау жылдары бастаған. Қазір ауылдастарынан тапсырыс көп. «Ол дайындаған торттың дәмі тіл үйіреді», - деп мақтайды жұрт.

Нұрсұлтан Палуанов бала күнінен тәттіге құмар болып, торт пісіруге қызығыпты. Әскерден келгеннен кейін кондитер шебері мамандығын меңгереді. Ал тоқсаныншы жылдары тұрақты жұмыс таппай, торт пісіріп сатуды қолға алады. «Ер немесе әйелдің ісі деп бөлмей, отбасымды асырау үшін қолдан келген өнерімді табыс көзіне айналдырдым»,-дейді ол.  

Нұрсұлтан Палуанов, Жаңақорған кентінің тұрғыны:

- Анамның әкесі Тастемір деген бабамыз болған. Сол кісі тоқаш пісірген екен. Соғыстың кезінде нан пісірген екен. Көршіміздің апасы 96 жасқа келіп қайтас болды. Сол кісі айтып отыратын. Осы Нриктің наны Тастемірдің тоқашындай деп мақтап отыратын сол кезде. Енді қазір торт істеп жатырмын. 35 жыл болды.

Алпысты алқымдаған Нұрсұлтан Плуанов өте ширақ. Бір тортты бірер минутта әрлеп үлгіреді. Сұраныс артқан кезде түн ортасына дейін цехта жүреді. Ауылдастары оның еңбекқорлығын жастарға үлгі етеді.

Бақытжан Нәбиев, Жаңақорған кентінің тұрғыны:

- Өзінің еңбегі таза. Тап-таза цех, қарапайым, есіктің алдында. Үлкейтетін болса оны кім оны қаламайды. Бірақ қолдан келгенін жасап жатыр өзі. Еңбегі елеулі.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Нұрсұлтан Палуанов алдағы уақытта 10 ауылдасын жұмыспен қамтып, шәкірт тәрбиелегісі келеді. Ол үшін екі қабатты кондитерлік цехтың  ғимаратын салуды жоспарлаған. Қазір іргетасы қаланып тұр. Келесі жылы құрылысты аяқтамақшы.

Кәсіп иесі цехты кеңейту үшін мемлекет тарапынан берілетін жеңіл пайызды несие алғысы келеді.  

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин