Ана мен бала амандығы

Жуырда Алматыда ашылған жаңа перинатальды орталық жылына 2 мыңға жуық адамға қызмет көрсетеді.

4 мың шаршы метр ғимарат заманауи медициналық құралдармен жабықталған. Ол медициналық көмекке зәру нәрестелерге өмірінің алғашқы күндері қолдау көрсету үшін қажет. Бұл мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқан әділетті қоғам қағидасының бірі.    

Бұл Наталья Сейдәлінің алғашқы жүктілігі. Орталыққа құрбыларының айтуымен келіпті. Білікті мамандар мен жанға жайлы жағдайды көріп осы клиниканы таңдайды. Босанғаннан кейін де дәрігерлер Наталья мен баласына мұқият қарап келеді.  

Наталья Сейдәлі, ана:

- Баламды аман-есен бауырыма алғаныма қуаныштымын. Дәрігерлердің көп көмегі тиді. Денсаулығыма байланысты кесарево жасаған жөн деп еді. Бірақ дәрігерлердің арқасында өзім босандым.

Қазір неонатолог-дәрігер жаңа туған сәбиді қарап жатыр. Баланың денсаулығына қатысты барлық өзгерістерді тіркеп отырады. Бүлдіршіннің амандығы анасының денсаулығымен тікелей байланысты,-дейді дәрігерлер. Сондықтан әйел үйіне шықпай тұрып орталықта түгел медициналық тексеруден өте алады. Палатадағы заманауи жабдықтармен қатар операциялық залдар, балалар және ересектерге арналған реанимация бөлімдерінің де пайдасы көп.

Айгүл Шалбаева, орталық жетекшісі:

- Нәрестелерге арналған реанимация өкпені жасанды желдету аппаратымен және кювездермен жабдықталған. Ол жерде ультра дыбыс құрылғысы бар. Бұл сәбидің бойындағы дертті дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жүкті әйелдерге диагностика жасайтын медициналық жабдықтар орнаттық. Оның да пайдасы көп.    

Президенттің сайлауалды бағдарламасында қамтылған мәселенің бірі -еліміздің әрбір тұрғынын сапалы медициналық көмекпен қамту еді. Жаңа ашылған перинатальды орталық сол мақсатқа жету үшін жасалған тағы бір қадам.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Наргиза Тәкежанова, Эдуард Кон