Қызылорда облысында балаға қосымша көмек ақшалай төленеді

Жыл басынан бері Қызылорда облысында 9 мыңдай отбасы атаулы әлеуметтік көмекке ие болды.

Бұл былтырға қарағанда шамамен 20 процентке аз. Ал осы тұрмысы төмен отбасындағы 1 мен 6 жас аралығындағы 14 мыңнан астам балаға ақшалай көмек көрсетілді. Оған 454 миллион теңге жұмсалды. Жыл басында күшіне енген жаңа заң аясында осындай қолдау тетігі енді. Әйтпесе бұрын әлеуметтік қолдау ретінде бүлдіршіндерге тек азық-түлік үлестірілетін.

Атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы еңбекке жарамды мыңнан астам адам түрлі салада қызметке орналастырылды. Соның бірі - күміс алқа иегері Асылзат Жұмабекова. Қоғамдық жұмысқа тартылған ол әр балаға ай сайын екі жарым айлық есептік көрсеткішке тең азық-түлік пен тоқсан сайын тұрмыстық-химиялық заттар алып келген. Енді қазір тауардың қаржысы қолға тиіп, қажетті тағам түрін таңдауға мүмкіндік жасалды, дейді.

Асылзат Жұмабекова, қала тұрғыны:

- Көп ата-аналар шағым айтты. Мерзімі өтіп кеткен, ішінен құрт шықты, желінбейді деген сияқты шағымдар болды. Сосын бүкіл республика бойынша қазір ақшалай беретін болды. Ол тиімді, керек-жарағын өзіміз аламыз. 6 баламның 3-еуіне аламын. 1-3 жасқа дейін. Қалған үшеуі мектепте оқиды үлкен. 5175 тг соған шамалы қосса деген ойымыз бар енді аналардың. Қазір азық-түлік күннен-күнге қымбаттап келе жатыр.

Жалпы атаулы әлеуметтік көмек отбасы мүшелерінің орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-нан кем азаматтарға тағайындалады. Қолдауға зәру жандар тоқсан сайын құжат тапсырып отыруы қажет. Тұрғындар өтінішті egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы бере алады.

Ақкенже Жүнісова, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Жалпы атаулы әлеуметтік көмек отбасының жан басына шаққандағы табыс мөлшері кедейшілік шегінен төмен болған жағдайда статистика басқармасымен бекітіледі тоқсан сайын. Әр облыс бойынша бөлек шығады. Бізге осы 4-тоқсанға 32932 тг кедейшілік шегі. Егер отбасының жан басына шаққандағы табысы сол көлемнен аспаса онда атаулы әлеуметтік көмек айырмасы ретінде төленеді.

15 мыңға жуық сырбойылық атаулы көмекке ілінбей қалған. Оларға жергілікті атқарушы биліктің шешімімен басқа әлеуметтік төлемдер тағайындалып жатыр.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев