ШЫҰ: Қазақстан туристік әлеуетті арттырады

Қазақстанда пандемия кезіндегі құлдыраудан кейін туризм саласы қайта қалыпқа келді.

Ішкі және шетелдік туристер саны әлдеқайда артты. Елге келетін саяхатшылардың көбі Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдердің азаматтары.

Қазір Қытайда ұйымға мүше елдердің форумы өтіп жатыр. Іс-шара туризм индустриясын қолдап, туристік тартымдылықты арттыруды көздейді. Басқосуға 8 мемлекеттен жүздеген делегация келді.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Форум Шанхай ынтымақтастық ұйымының туризм жылы аясында өтіп жатыр. Іс-шараның Үрімшіде ұйымдастырылуы кездейсоқтық емес. Бұл форумды өткізу туралы шешім Өзбекстанда өткен ұйымға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі кезінде қабылданып, жарияланған еді. Мүдде бір. Туризм индустриясын қолдап, туристік тартымдылықты мейлінше арттыру. Шыңжаң ұйғыр автономдық ауданы қытайдың басты туристік орталықтарының бірі. Шекарасы 8 мемлекетпен шектеседі. Қытай елі бұл аймақты өзге елдерімен байланыс орнатуға жол ашатын әлемнің қақпасы санайды.

Жиын Шыңжаң ұйғыр автономдық ауданы саяси бюро мүшелерімен кездесуден басталды. Ауданның  партия комитетінің хатшысы Ма Синжуй қатысушыларды салтанатты түрде қарсы алды. Басқосу кезінде форумның мақсаты мен міндеттерін пысықтап ынтымақтастық аясында жеткен жетістіктер таныстырылды. Бірлескен бастамаларды талқылауға халықаралық ұйымдар, мемлекеттік және бизнес құрылымдардың өкілдері, сарапшылар, дипломаттар қатысып жатыр.

Ержан Еркінбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:

- Өз елімізді алсақ Қазақстан бүкіл ШЫҰ-ның бүкіл мүшелеріне визасыз режим қосты. Бүкіл елде, бүкіл әлемде өткізіліп жатқан туристік көрмелерде біз бөлек тұрмай ШОС мүшелері бір стэнд құрастырып бірге тұрайық деген маркетингтің шешімі ұсынылған біздің тарапымыздан.

Бүгінде тек қана Қазақстан емес бүкіл әлемнің елдері қытайлық туристерге қолайлы жағдай жасауға тырысады.  Өйткені қытайлықтар саяхат пен демалысқа көп қаржы жұмсайды. Қазақстанда  2019 жылы Қытайдан келген туристер саны 100 мың болған. Пандемия кезінде саяхатқа шектеу қойылғандықтан ол 74 пайызға дейін қысқарып кетті. Енді осыны қалыпқа келтіріп, одан әрі еселеуге халықаралық деңгейде күш салынып жатыр. 

Туризм өзге салаларға қарағанда ең тез, әрі қысқа мерзімде нәтиже беретін индустрия. Жұмыс орындарын көптеп ашуға да мүмкіндік береді. Оның тиімділігін форумға қатысушы елдер жақсы түсініп отыр. Барлығы бірауыздан ынтымақтастықты арттырып, туристерді көптеп тартуға мүдделі. Қазақстан Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы деңгейінде ерекше мән беріп отырғаны да осы. Сауатты жүргізілген келіссөздер, туристерге қолайлы жағдай жасаудың арқасында пандемия кезінде құлдыраған сала демде дамып, көрсеткіштер рекордттық деңгейге жетті. Мәселен бір ғана Алматыға келетін шетелдіктердің 70%-ы осы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы елдерінің  саяхатшылары.

Әлишер Әбдіқадыров, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:

- Қазіргі уақытта  Алматыға туризм саласы пандемияға дейінгі деңгейге жетті. 2023 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша қалаға 261 мың шетелдік турист келді. Оның ішінде 180 мың турист ШОС елдерінде тұратын азаматтар.

Жалпы еліміз бойынша 2022 жылы ішкі туристер 8,6 млн, ал шетелдіктердің саны 1 миллионға жеткен еді. Ал биыл визасыз режимнің күшіне енуіне байланысты саяхатшылар артады деген болжам бар. Мамандар биыл жыл соңына дейін Қазақстанда 1 миллион 400 мың турис қабылдауды жоспарлап отыр.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Туризм саласын дамыту шаралары мұнымен аяқталмайды. 2024 жыл Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы деп белгіленген. Оның ресми ашылу мерзімі алдағы жылдың наурыз айында Бейжің қаласында өткізу жоспарланып отыр. Оның аясында Қазақстан еліміздің мәдениетін тарихын , туризм әлеуетін паш ететін 20-дан астам ірі іс-шара өткізу жоспарда.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Владимир Грабарь