БҚО-да 121 кәсіпкерге әкімшілік хаттама заңсыз толтырылған

Биыл Батыс Қазақстан облысында 121 кәсіпкерге әкімшілік хаттама заңсыз толтырылған.

Бұл туралы өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысында айтылды. Күн тәртібінде тұрмыстық зорлық-зомбылық деректерінің жиілеу мәселесі де қаралып, бірқатар ұсыныс талқыланды.

Облыстық прокуратура мемлекеттік органдардың кәсіпкерлікке қатысты соңғы үш жылдағы қызметіне талдау жүргізді. Сонымен қатар фронт-кеңселер ашылып, бизнес субъектілерінің арыз-шағымы қаралды. Нәтижесінде 12 мыңнан астам адамның құқығы қорғалған.

Әлішер Бектұрғанов, кәсіпкер:

- Биыл біз Теректі ауданынан қосымша 2 гектарға жуық жер телімін алғымыз келген. Алайда оны рәсімдеу үрдісі ұзаққа созылып кетті. Кейін заң аясында прокуратураның көмегіне жүгіндік.

Мадияр Мұқанов, облыстық прокуратураның аға прокуроры:

- Аудан әкімдігін үйлестіру арқылы инвесторға 6 ай бойы ала алмаған жер уческесі берілді. Бизнесті тиісінше қорғау мақсатында облыстағы барлық ауданның прокуратурасында кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқығын қорғау жөнінде прокурорлық мобильді топтар жұмыс істейді.

Ал тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша биыл полиция қызметіне 3 мыңнан астам арыз түсті. Отбасылық жанжалдың көбі алкогольдік ішімдікке құмарлық салдарынан болған.

Жанболат Жаншин, облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары:

- Кейбір магазиндер болады 23.00-ден кейін ішімдік сатады. Біздер сол ішімдік сатқаны үшін 98 хаттама толтырылды. Сол 98 хаттаманың 40 хаттамасы 200-бап бойынша сотпен қысқартылып қалды. Қандай да бізде шешілмей тұрған шаруалар бар, солардың бәрін айттық.

Күн тәртібінде қаралған екі мәселеге қатысты облыс прокуруроры кеңес төрағасы ретінде мемлекеттік органдарды бірлесе жұмыс істеуге үндеп, бірқатар тапсырма жүктеді.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов