Көкшетауда жас өнертапқыштар сайысы өтті

Көкшетауда өткен өнертапқыштар сайысында ақмолалық жас ғалымдар инновациялық жобаларын ұсынды.

Байқаудағы негізгі басымдық экология, энергетика және ақпараттық технологияға берілді. Жастар осы бағыттағы жобаларын көпшілікке таныстырды. Жалпы жыл сайын өтетін байқауға биыл 80-нен астам адам қатысқан. Оның 30-і іріктеліп ақтық сынға жолдама алды.

Білім мен ғылымды ұштастырған жастардың жобасы бірінен бірі өтеді. Мысалға, Айжан Жанайдың тың туындасы малды бордақылауға арналған. Яғни жем мен шөпті будандастырып, өсімдіктің жаңа түрін ойлап тапқан. Жобаның басты артықшылығы шығыны аз, шығымы жоғары.

Айжан Жанай, студент:

- Біз гидропоника әдісі арқылы осындай дәнді-дақылдарды өсіреміз. Өсірген кезде оның бойындағы құнарлылықты әртүрлі дәрумендерді сақтап қалуға тырысамыз. Соның арқасында малды семірту жақсы іске асады.

Ал Тимур Алғазинның жобасы тіптен бөлек. Ол достарымен бірлесіп қоқысты сұрыптаудың тиімді шешімін шығарған. Яғни арнайы экобокстар дайындап, қалдықтарды автоматты түрде сұрыптаудың жаңа тәсілін ұсынды.

Тимур Алғазин, студент:

-  Мұнда сіз қоқысты тастаған қоқыстар автоматты түржде қайта өңделіп шығады. Әрі қарай, ол нейрондық желілер мен арнайы датчиктердің көмегімен жеке қораптарға сұрыпталады. Осындай экобокстың біреуі шамамен 800-900 мың теңге тұрады. Біз алдымен қаладағы саябақ пен жағалауға, базар маңына үш қорапты қоюды жоспарлап отырмыз.

Бастамашыл жастардың жобаларына сарапшылар да қызығушылық танытып отыр. Бірақ жұмысты әрі қарай жандандыру үшін қолдау қажет. Сондықтан алдағы уақытта жас ғалымдардың жобасы мен жоспары  арнайы бизнес алаңдарда талқыланып, демеушілердің назарына ұсынылады.

Мәриям Әбішева, "Kazakhstan Innovations" қоғамдық қорының төрайымы:

- Балалардың жобаларын өндіріске еңгізу қажет. Ол үшін мемлекеттік органдардың қолдауы керек. Ең алдымен жобаларды қаржыландыру маңызды. Екіншіден әдістемелік қолдау қажет. Себебі, әр жоба патенттеліп, авторлық құқыққа ие болуы шарт.

Байқа қортындысы бойынша үш жеңіпазға ақшалай сыйақылар табысталды. Бұл қаржыға олар осы жобаларын жүзеге асыруы тиіс. Ал қалған өнертапқыш өрендер демеуші іздеуден басқа амалы жоқ.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко