Дәстүрлі дін вакцинаға тыйым салмайды

«Дәстүрлі дін  - қызылшаға қарсы вакцина салуға тыйым салмайды. Одан діни астар іздеудің қажеті жоқ. Қайта ислам діні халықты өз денсаулығына қамқорлық жасауға және аурудың алдын алуға міндеттейді»,-дейді алматылық дін өкілдері.

Олар адам денсаулығы мен өмірі басты құндылық екенін айтып түсіндіріп жатыр. Осыған орай, имамдар екпе туралы теріс пікір білдіріп жүргендерді қазір таралып жатқан қызылша ауруына қарсы вакцина алуға шақырды. Яғни, осы уақытқа дейін екпе алуды кейінге шегеріп келгендерді қызылшаға қарсы иммунизациядан өтуге кеңес берді.

Тимур Әлиев, орталық мешіттің наиб имамы:

- Вакциналау заңды негізде және мамандардың басшылығымен жүргізілуі керек. Бұл медициналық мәселе болғандықтан, осы саланың мамандары оны мұқият зерттеп, оның адам денсаулығына пайдалы немесе зиянды екенін анықтайды. Содан кейін барып  оны қолдану туралы түпкілікті шешім қабылдайды емес пе? Вакцинада шариғат тыйым салған заттар болмауы тиіс. Яғни, ағзаға кері әсерін келтірмеуі  керек. Адам өміріне қауіп төнген жағдайда екпені  қолданған абзал.