Атырауда оңалту саласының мамандары біліктілігін арттырды

Арнайы жобаны ұйымдастыруға «Болашақ» қоғамдық қоры мұрындық болды.

Жыл бойы жалғасқан тегін семинар-тренингтерге оңалту саласының 800-ден астам маманы қатысты. Психикалық дамуы тежелген балалардың ата-аналары да білім алды. Жоба «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен жүзеге асты.

Жоба аясында оңалтудың 7 бағыты бойынша 60-тан астам семинар-тренинг өтті. Қатысушылар кинезиотерапия, емдік массаж, нейропсихология, нейродефектология, логопедия, психология, заманауи инновациялық оңалту әдістері бойынша біліктілігін арттырды.

Ақмарал Бұлжанова, логопед:

- Мұнда бізге көптеген нәрсе үйретті. Соның ішінде 1 жасқа дейінгі баланың анатомиясы, оның қалай даму керектігі, қандай сатыдан өту керектігі жөнінде көптеген нәрсе өтті. Дамытушы жаттығу арқылы көптеген бізге тәсілдер үйретті. «Болашақ» қоғамдық қорына алғысымызды айтымыз осындай курсты өткізгеніне.

Кинезиотерапия тренингіне қатысушылар классикалық және заманауи әдістерді қолдануды үйренді. Массажға арналған семинарлар науқастың жалпы жағдайын жақсартатын әдістерді меңгеруге мүмкіндік берді. Нейродефектология семинарында оқу, тәрбиелеу, даму процесінде мүмкіндігі шектеулі адам миының қызмет ету ерекшеліктерін ескере отырып, оңалтудың соңғы тәсілдерін меңгерді.

Гүлмира Аманжолқызы, "Болашақк" оңалту орталығының кинезиотерапевті:

- Бұл семинар-тренингте біз анатомиядан бастап науқастарды қауіпсіз жылжыту, қалай дұрыс отырғызу керек, қалай дұрыс тұрғызу керек және осы терапиялардың түрлерін қосып жатырмыз. Көбіне теория жағын аз, көбіне практикаға мән беріп отырмыз. Практика жағын көп көрсетіп оытрмыз.

Жобаға ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары да қатысып, күту, оңалту әдістерін үйренді. Себебі ерекше балалар үшін оңалту орталықтарынан бөлек ата-анасының рөлі маңызды. Мұндай тегін семинарлар алдағы уақытта да өтеді деп жоспарланған.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов