Сарыағаш ауданындағы 18 мектеп газбен қамтылды

Ал Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы 18 мектеп биыл табиғи газбен қамтылды.

Осы уақытқа дейін көмір жағып, қиыншылық көріп келген білім беру ұйымдары өркениет игілігіне қол жеткізді.

Қатты отыннан табиғи газға көшкен мектептердің бірі – Төлеген Айбергенов атындағы жалпы орта мектебі. 300 орындық білім ұясында 767 бала оқиды. Мектеп ұжымы бұған дейін жылудың мардымсыз болғанын, күн суықта балалар сабақта сырт киіммен отыруға мәжбүр болғанын айтады.

Жанар Тастанбекова, бастауыш сынып мұғалімі:

- Шүкір, биыл қараша айында газға қосылдық. Мектебіміз қазір бір температурада. Кірген күйде жылы. Қар жауды далаға шықпаймыз. Оқушыларда жылы, сабаққа келіп жатыр. Рахмет көп.

Мамандар бұрын бір қыста 600 тоннаға дейін көмір жаққандарын айтады. «Ол сапалы болса жақсы, сапасыз болса жанбай қиналатын едік»,- дейді. Қазір сыныптардың барлығы жылы.

Фархат Оспанов, мектеп директоры:

- Қазір кнопка басылады, өзі жанады. Белгілі температураға қоясың, өзі өшіп-қосылады. Керемет осындай жылылық келді мектебімізге. Ал енді осындай жағдайды жасаған әкімшілік пен басқармаға алғыс айтамыз.

Сарыағаш ауданындағы 78 мектептің 46-сы табиғи газбен қамтылған. Биыл соның 18 көгілдір отынға қосылды. Қазір аудандағы 14 елді мекенге газ тарту жұмыстары жүріп жатыр.

Дәулет Акатов, аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Бүгінгі таңда 22 мектебіміз қатты отынмен қалып отыр. Егерде елді мекендер газбен толығымыз жүз пайыз қамтылатын болса, біздің мектептерімізді де жүз пайыз қамтимыз деп отырмыз. Бұл мәселе қолдау тауып, жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Жалпы Түркістан облысында 1275 білім беру ұйымы бар. Оның 60-ы орталықтандырылған жылу жүйесімен қамтылса, 573-і табиғи газға қосылған. Ал 580 мектеп қатты отынды пайдаланса, 57 білім ұясы дизель отынымен және 5 мектеп электр желісімен жылынады.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш