Қостанайда шенеуніктер азаматтарды қабылдады

300-ге жуық адам жергілікті атқарушы билік өкілдерінің алдына барып, өздерін мазалаған мәселелер бойынша жауап алды.

Жастар сарайының кіреберіс холына таңсәріден қарақұрым халық жиналды. Басшы алдында әрқайсының өз айтары бар. Шараны ұйымдастырушылар оларды тізімге алып, мониторда көрсетілген сандық кезекпен қабылдауға өткізді.

Жұлдыз Ілиясова, облыс әкімі аппараты бөлімінің бас маманы:

- Бас-аяғы 5-10 минуттың ішінде өз сұрағымен жүгініп болады. Біріңғай азаматтарды қабылдау күні ішінде сағат 10:00-нан 16.00-ге дейін болса, шамамен 300 шақты адамды қабылдап үлгіреміз.Оның ішінде шамамен әкімге 50 адамдай, әкімнің орынбасарлары да сол 50-40 адамдай шамамен қабылдайды.

Кәсіпкер Андрей Зелевский Тобыл қаласынан келген. Тас төсеніш өндіреді. Көру қабылеті нашар мүгедектігіне қарамастан кәсібін кеңейтсем деген мақсаты бар. Бұл жерде өндірісті дамытуға қатысты бірнеше ақыл-кеңес, бағыт-бағдар алды.

Андрей Зелевский, Тобыл қаласының тұрғыны:

- «Еститін мемлекет» үшін үлкен алғыс айтқым келеді. Осы жерде өз сұрақтарыма толық жауап алдым. Бұл өте дұрыс және жақсы үрдіс. Бір жерде барлық мәселені шешуге мүмкіндік бар.

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында Қостанайда азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні тоқсан сайын өткізіледі. Биыл төртінші рет ұйымдастырылды.

Жұматай Кәкімжанов, облыс әкімінің баспасөз хатшысы:

- Осы уақыт аралығында 800-ден астам адам қабылданды. Олардың мәселелерінің барлығы да шешімін тауып, қазіргі уақытта қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұндай іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұратын болады.

Бүгін азаматтардың 200-ге жуық өтініш-тілегі тіркеуге алынды. Олар бойынша жақын күндері тиісті шешім қабылданады.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг