Құтқарушылар Алматы облысының тұрғындарына ескерту жасады

Алматы облысының таулы аймақтарында қар көшкіні қаупі жоғары.

Бұл жөнінде облыстық төтенше жағдайлар басқармасы хабарлады. Әсіресе Талғар таулары мен Есік, Асы бөктеріндегі жағдай қауіпті. Құтқарушылар туристер мен демалушыларға қарлы бөктерге шықпауды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертеді. Жалпы Іле-Алатау тауларының оңтүстік беткейінде Еңбекшіқазақ, Талғар және Қарасай аудандарында 55 көшкін қаупі жоғары аймақ бар. Жыл басынан бері таулы аймақтарда 30-дан астам көшкін тіркелген.

Дәурен Азаматов, ТЖД басқарма бастығы:

«Тауда болған кезде ауа райының өзгеруін қадағалаңыз. Тауға шыққанда сіздің жолыңызда немесе серуендеген аймақта қар көшкіні болуы мүмкін жерлерді біліп алыңыз. Қар көшкіні болуы мүмкін жерлерден аулақ болыңыз. Және ең бастысы құтқару қызметінен келген дауылды ескертулерді бейжай қалдырмаңыз».