БҚО-да облыстық архивтің құрылғанына - 100 жыл

Батыс Қазақстан облысында келер жылы 5 ауданның архиві жаңадан салынады.

Ал 2025-26 жылдары қалған 7 аудан мен облыс орталығында мұрағаттар үшін арнайы ғимарат бой көтереді. Бүгін облыстық мемлекеттік архивтің 100 жылдығына арналған шарада облыс әкімі Нариман Төреғалиев алдағы жоспарларын баяндады. 

Еліміздегі ең алғашқы архив 1794 жылы Батыс Қазақстан облысында  ашылыпты. Тұңғыштар мекені саналатын Хан Ордасындағы архивте Бөкей хандығының жылнамасы жазылған. Ал Орал облыстық мемлекеттік мұрағатының негізі 1923 жылы қаланған. Бастапқы жылы мұнда 15 мың құжат тапсырылса, күні бүгін 670 мыңдай құжат қатталған. Қазір көпшілік ол құжаттардың басым бөлігімен онлайн түрде таныса алады.

Ринат Қаполлин, БҚО мемлекеттік архивінің бөлім басшысы:

- Біздің архивтен жылына 6 мыңнан астам адам анықтама алады архивтен. Сонымен қатар республикадағы азаматтардан жылына 300-ден астам зерттеушілер келіп жұмыстанады. Оның қазіргі таңда 200-ден астамы бізде электронды архив жүйесі бар. Сол электронды архив жүйесінде әр адам үйде отырып, архивке келместен жұмыстана алады. Біздер қазіргі таңда осы электронды базамен мақтанамыз.

Соңғы жылдары архив қызметінде айтарлықтай оң өзгерістер болды. Мұрағат саласын цифрлық трансформациялауға, «Электрондық архив» жүйесін енгізуге облыстық бюджеттен 110 млн теңге бөлінді. Бүгінде барлығы 98 мың іс немесе 14 миллион 550 мың парақ электрондық форматқа көшіріліпті. Сонымен қатар архив ғимараттарының құрылысы да басты назарда.

Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:

- Облысымыздың 5 ауданына, Ақжайық, Бәйтерек, Бөкейордасы, Жәнібек, Сырым, архив ғимараты құрылысын 2024 жылы әлеуметтік-инвестициялық жоба аясында салыну жоспарлануда. Осы бағытта 2025-2026 жылдары барлық аудандық архив ғимараттарын салу жоспарда бар. Облыстық мемлекеттік архив ғимаратының құрылысы да күн тәртібінде тұр.

Архившілер күніне арналған салтанатты шара соңы сала ардагерлері мен үздік қызметкерлерді марапаттауға ұласты. 

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев