Адам жанының арашасы

Маңғыстауда халық саны көбейген. Өңір табиғи өсім жағынан республикада көш бастап тұр.

Демографиялық көрсеткіштің жақсаруына аймақтағы дәрігерлердің үлесі зор.

Сәбидің гематологиялық дертке шалдыққанын анықтау үшін, сүйек кемігі пункциясына арналған ине қолданады. Дәрігердің айтуынша, өңірде жедел лейкозға шалдыққан бала көп. Онкомематолог жыл басынан бері 20 нәрестенің денсаулығын тексеріпті. Талдау нәтижесі 8 баланың қанында қатерлі дерт барын көрсеткен.  

Назгүл Қисықбасова, облыстың штаттың тыс бас онкогематологы:

- Біздің мақсатымыз - осы ауруларды дер кезінде анықтап ғылыми институт, орталықтарға жіберу болып табылады. Яғни, біздегі ғылыми орталықтар Қазақстан бойынша Алматы және Астана қаласында бар. Қазіргі таңда 160 бала есепте тұр. Соның ішінде жедел лейкоз, яғни қан ісігімен 70 бала есепте.

Жаңаөзен тұрғыны Айна Тұрланбаева15 жасар ұлын екі апта бұрын ауруханаға әкелген. Дәрігерлер  васкулит диагнозын қойған. Ананың медицина қызметкерлеріне айтар алғысы шексіз.

Айна Тұрланбаева, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

- Бұл жерге келгеннен бері Назгүл Айсаевна деген дәрігерге көңіліміз толады. Өте жақсы қарайды. Медбикелері де жақсы. Мейірімді. Бір аптаның ішінде көрініп тұр, қалай емдеп жатқаны. Болмаса бет-аузы, аяғына жара шығып кетіп еді.

Сәния Тарбахова, облыстық көпбейінді балалар ауруханасы директорының орынбасары:

- Облыстық балалар ауруханасына тәулігіне 200-ден аса бала келіп қаралады. Орта есеппен 20 проценті стационарға емге жатқызылады. Өйткені, бұл облыс бойынша балаларға арналған жалғыз емдеу мекемесі. Ұжымда дәрігерлер, сондай-ақ дәрі-дәрмек қоры жеткілікті.

Облыстық балалар ауруханасында 400-ден аса медицина қызметкері жұмыс істейді. 70-ке жуығы - дәрігер. Ақ халаттылар жыл сайын шетелге барып, біліктілік арттыру курсынан өтеді. Былтыр 10 дәрігер Түркияда оқып келсе, биыл арнайы шақыртылған ресейлік дәрігерлер дәріс оқыған.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев