Еліміздің cолтүстік өңірлерінде дәрігер жетіспейді

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қазіргі сұранысты толық қамти алмай отыр.

Алдағы уақытта мүлдем өз міндетін орындай алмауы да мүмкін. Сала мамандары мен депутаттар осылай деп дабыл қағуда.

Бұдан бөлек денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығы мәселесі де толық шешілмей отыр. Әсіресе, еліміздің cолтүстік өңірлерінде дәрігер де, тиісті емдеу мекемелері де жетіспейді.

Бұл - Октябрь ауылындағы амбулаториялық орталық. Мұндағы мамандар жергілікті халыққа ғана емес, жақын маңдағы бес елді мекен тұрғындарына дәрігерлік қызмет көрсетеді. Шағын ғана мекемеде 4 мыңнан астам адам тіркеуде тұр. Ескі ғимараттың бір бөлігінде орналасқан медициналық мекеменің жай-күйі  талапқа сай келмейді.

Нұрлан Ақанбайұлы, Октябрь ауылының тұрғыны:

- Бөлмелері жетіспейді. Санузел жоқ. Жататын жерлері жеткіліксіз. Сосын очередь болады. Сондай ыңғайсыздықтары бар. Халық көп. Амбулатория керек.

Амбулаторияда қазір ерлі-зайыпты екі дәрігер жұмыс істейді. Олар биыл «қоныс аудару» бағдарламасы бойынша оңтүстіктен көшіп келген. Жас мамандардың тұрмыс жағдайлары жасалғанымен, жұмыс орнында қиындықтар көп дейді.

Алмасбек Аршабай, жалпы тәжірибелік дәрігер:

- Екінші қабатта орналасқан кіре алмайтынын біледі де, дәрігерді үй жағдайына шақыртады, ал үй жағдайында ондай науқастарды қарау өте қиын. Үй жағдайы стирилді емес біріншіден. Екіншіден қандай да бір жараларды таңу, тазарту жұымысын жасау ол жерде мүмкін емес. Бірақ амбулаторияның орналасуына байланысты үй жағдайында мәжбүрлі түрде жасаймыз.

Жергілікті халық үшін жақында қуанышты хабар болмақ. Ауылда жыл соңына дейін жаңа амбулаториялық орталық қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Ғимараттың құрылысы биыл жазда басталған. Жоба құны 500 млн теңге. Нысан «Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту» ұлттық бағдарламасы аясында салынып жатыр. Ауылдық жерлерде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін ел аумағында осындай бірнеше ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- «Ауылдық медицина» үлкен ұлттық жоба жүзеге асырылуда. Осы ұлттық жоба бойынша 3 жылдың ішінде елімізде 600-дей медициналық мекеме салынатын болады. Соның 99-ы биыл басталды. Қазір 50-ден астамының құрылысы аяқталды. Жылдың аяғына дейін қалған объектілер тапсырылады еді күтіледі.

Министр айтпақшы, жаңа әрі сапалы емдеу мекемелерінің салынғаны  құптарлық іс әрине. Бірақ бұл ғимараттарда жұмыс істеп, халыққа қызмет көрсететін мамандар болса. Қазір салада кадр тапшылығы өте өзекті мәселе.

Бақытжан Тәжібаев, "Aqniet" денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының төрағасы:

- Қазір бізде анестезиологтар тапшы. Ауылда біреуі жұмыс істесе, оның өзі тек балаларға ғана қызмет көрсете алады. Тағы балалар хирургы жетіспейді. Қолдарында сертификаты жоқ дәрігерлер балаларға операция жасаған. Ауданнан шақырып, күтіп тұратын уақыт болмаған. Қажеттілік туындағандықтан дәрігерлер баланың өміріне араша түскен. Енді қазір солардың құқығын қорғап жатырмыз.

Дәрігер тапшы аймақтардың бірі - Солтүстік Қазақстан облысы. Бүгінде өңірде 140 маманның орны бос тұр. Мәселені шешу үшін облысқа келетін дәрігерлерге көтермеақы екі есеге ұлғайтылды. Енді қалада қалатындарға 3,5 миллион, ал ауылды таңдағандарға 5 миллион теңгеге дейін қаржылай қолдау көрсетіледі.

Нұржан Тағаниязов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

 - 18 қарашадан бастап күшіне енді. Бүгінгі таңда 27 дәрігеріміз алды. Тағы 30-ы қарастырылуда.

Нәтиже бар, мысалы 2019, 2020, 2021 жылдармен қарайтын болсақ бізде орташа деңгеймен 50-70 дәрігер келетін. Қазіргі таңда 2022 жылы 280 дәрігер келген.

Ал биыл өңірге тағы 200-ге жуық дәрігер келді. Енді жергілікті әкімдік келер жылы Ақтөбе, Түркістан, Алматы, Семей, Қарағанды қалаларындағы медициналық университеттердің түлектерімен келісімшарт жасамақ жоспарда. Қазір өңірде онколог, акушер- гинеколог, хирург, кардиолог сынды мамандарға сұраныс жоғары.

Гүлжанат Тоқжұманова, "Қарағанды медицина университеті" КЕАҚ орталығының басшысы:

- Резидентура бөлімін айтып кетсек, бұл клиникалық мамандар. Олардың 282 жас маманы биыл оқуды аяқтады. Осы студенттердің 54-і Қарағанды облысында қалды. Біз негізі Қостанай облысы және Ұлытау, Қызылорда облыстарының медициналық ұйымдарына мамандар дайындаймыз. Сол 3 өңірге маман дайындаймыз. СҚО біздің бұрыннан келе жатқан серіктесіміз және Павлодар облысының ұйымдарына да маман береміз.

Халық қалаулыларының сөзінше, елде денсаулық сақтау саласына қаражат бұрыннан бері мардымсыз көлемде бөлініп келген. Мәселені міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру  жүйесі  арқылы шешу жоспарланған еді. Дегенмен, бұл жүйеге қатысты сұрақтар соңғы кезде қаптап кетті. 3,5 млн қазақстандық қорға бір тиында аудармаған. Бұдан бөлек медициналық ұйымдардың да қарызы 80 млрд теңгеден асып кеткен.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бізде несиелік қарыздар әлі де болса жиналып жатыр. Ол бірінші кезекте медициналық қызметтердің ақылға қонымсыз тарифтеріне қатысты. Яғни, тариф тым төмен. Мемлекет тарапынан өтелетін сома, ұйымның шығынын жаба алмайды.

Қиындықтар жоқ емес, бар. Дегенмен, бұл қиындықтарға қарамастан ақ халатты абзал жандар Гиппократ антына берік екендіктерін көрсетіп келеді. Бұған статистика дәлел. Елде халықтың жалпы өлім-жітімі 5,7, ал нәресте өлімі шамамен 10%-ға төмендеген.

Авторлары: Риат Шони, Мағауия Қалиев, Самат Қайырденұлы, Марина Золотарева