Атырауда механикалық тазарту қондырғысы іске қосылады

Атырау мұнай өңдеу зауытында «Тазалық» жобасы аясында механикалық тазарту қондырғыларын жаңғыртудың екінші кезеңі жалғасып жатыр.

Қазір жоспарланған жұмыстардың 98 проценті аяқталды. Қондырғы келер жылдың бірінші тоқсанында толық қуатта іске қосылады.

Тазарту қондырғыларын жаңғыртудың бірінші кезеңі екі жыл бұрын басталған. Қазір нысан заман талабына сай жетілдіріліп, бұрын-соңды болмаған механикалық сусыздандыру ғимараты іске қосылды. Ол айына орташа есеппен 12 мың текше метр мұнай қалдығын өңдей алады.  

Қанат Сағызбаев, "АМӨЗ" ЖШС тазарту қондырғысы цехының бастығы:

- Тазарған мұнайды қайта өңдеуге қайтарып жатырмыз. Тазартылған суы механикалық тазарту қондырғысына қайтарылады. Құм қоқыстары бөлек автокөлікке тиеліп, мердігер компанияменен утилизацияға қайтарылып жатыр. Бірінше кезең жұмыс жасап тұр. Екінші кезең аяқталғаннан кейін механикалық тазарту қондырғысы толықтай жұмысқа қосылады.

Құрылысы толық аяқталғаннан кейін сарқынды суды өңдеу, қайта пайдалану көрсеткіші екі есе артады. Механикалық тазартудан өткен қалдық биологиялық тазарту қондырғысында кері өңделеді. Нәтижесінде кәсіпорынның қажеттілігі үшін Жайық өзенінен алынатын су көлемі азаяды. 

Қанат Сағызбаев, "АМӨЗ" ЖШС тазарту қондырғысы цехының бастығы:

- Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде біз тазартылған таза суымызды өндіріске қайтаратындай мүмкіншілігіміз болады. Шамамен 9 пайызға дейін қайтарамыз ба деген жоспарымыз бар. Екінші кезеңді жіберіп, биологиялық тазарту қондырғысынан шығындыларды зерттеп қарап, содан кейін барып шешім қабылдаймыз. Жалпы 9 пайызға дейін Жайықтан суды азайтуды жоспарлап отырмыз.

Жаңғырту жобасының бірінші кезеңін іске қосу нәтижесінде ағынды суларды тазарту көлемі 83 пайызға жетті. Ағымдағы жылдың 11 айында 36 084 тонна тауарлық мұнай өнімі өңдеуге кері қайтарылған. 

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов