Шыршаларды қорғау: СҚО-да орманға күзет күшейді

Солтүстікқазақстандықтар орманға күзетті күшейтті.

Тәртіп сақшылары мен табиғат жанашырлары қылқан жапырақты ағаштарды қорып, айдың соңына дейін күні-түні кезекшілік етеді. Бүгінде аймақта 22 стационарлық бекет пен 109 арнайы мобильді топ жұмыс істеп тұр.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Жаңа жыл мерекесі жақындаған сайын өңірде шырша саудасы қыза түсті. Мәселен, нақ осы жерде күніне 200-ден астам ағаш сатылады екен. Бағасы 4 мың теңгеден басталады.

Мейрамға сән беретін қарағай мен шырша көрші Ресей мемлекетінен  әкелініп жатыр. Өйткені елімізде қылқан жапырақтыларды кесуге заңмен қатаң тыйым салынған. Дегенмен полиция қызметкерлері базарлардың маңын ерекше бақылауға алды. Олар рейд ұйымдастырып, саудагерлердің құжаттарын терксереді.

Руслан Ребеко, сатушы:

- Халық жаппай келіп жатыр. Көбі мерекеге шырша алуға тырысады. Біз сатып жатқан ағаштар Ресейдің Свердловск облысынан әкелінген. Арнайы құжаттарымыз бар. Барлығы заңды.

Сауда қызған шақта аймақта орман күзеті күшейтілді. Өңірде құрылған стационарлық бекеттер мен арнайы мобильді топтар қылқан жапырақтыларды қырағылықпен қорғайды. Табиғат жанашырлары 31 желтоқсанға дейін күні-түні кезекшілік жасайды.

Рүстем Жанахметов, орман шаруашылығының инженері:

- Соңғы жылдары облыста заңсыз ағаш кесу фактілері тіркелген жоқ. Себебі тұрғындар оның арты жақсылыққа апармайтынын жақсы біледі. Жасыл желекке балта шапқан адам айыппұлдан бөлек, қылмыстық жауапқа да тартылуы мүмкін.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, бүгінде әлеуметтік желіде шырша сатамын деген хабарламалар көбейген. Мәселен, облыс орталығында 4 азамат интернет алаяқтың құрбанына айналды.

Мейіржан Махметов, облыстық ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

- Жылдың басынан бастап облыс аумағында 765 интернет алаяқтық фактісі тіркелді. Оның ішінде 4 өтініш шырша сату туралы. Қазіргі уақытта осы фактілер бойынша қылмыстық құқықбұзушылық ашуға бағытталған жедел тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Облыс аумағында ерекше қорғалатын 12 орман шаруашылығы бар. Бұл жерден ағаш кесіп алғандар 1000 АЕК-ке дейін айыппұл арқалауы мүмкін.  

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Қуаныш Қазбеков.