Жамбыл облысында жаңа медициналық нысан ашылды

Жамбыл облысында жыл басынан бері 10 медициналық мекеме пайдалануға берілді, деп хабарлайды 24KZ.

Олардың құрылысына республикалық бюджеттен 1,7 миллиард теңге бөлінді. Бұған дейін 5 ауылда медициналық пункт болмаған еді. Ондағы ақхалаттылар ауылдық әкімдік пен өзге де ғимараттарды жалға алып жұмыс істеуге мәжбүр болған. Бұл мәселе биыл салынған нысандар есебінен шешілмек. Солардың бірі Шу ауданындағы шалғай жатқан Жиделі ауылында ашылды. Дәрігерлік амбулаторияда 3 қызметкер халыққа медициналық қызмет көрсетеді.

Айта кетейік, келер жылы аймақта «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 20 емдеу мекемесі салынады.

Гүлнар Саурықова, Жиделі ауылының тұрғыны:

- Өткен жолдары бізде спорттық ойын алаңы ашылды. Енді, мінекей, біздің ауылымызда басы ауырып, балтыры сыздағандар келіп қаралатын медпунктіміз ашылып жатыр. Осы іске атсалысқан, осы бізге осындай мекемені кішігірім болса да, салып берген басшы кісілерге рақмет айтамыз. Осыны енді біздің ауыл игілікке пайдалансын деп ойлаймыз.