Халықтың тұрмыс сапасы басты назарда

Мемлекет басшысының Жолдауында халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға баса мән берілген.

Президент тапсырмасымен «Халық табысын арттырудың 2029 жылға дейінгі бағдарламасы» бекітіліп, бюджеттік ұйым қызметкерлерінің еңбекақысы жүйелі түрде өсіп келеді.

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік Уәли ҚазАқпарат агенттігіне берген сұхбатында айтты.

Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы:

- Мемлекеттік білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагогтердің еңбекақысы 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап жыл сайын 25 пайызға өсіп келеді. Осылайша, биыл педагогтердің лауазымдық жалақысы 100 пайыз көбейді. Мектепке дейінгі білім беру мекемелері педагогтерінің де лауазымдық жалақысы 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап 30 пайызға өсті. Жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамының жалақысы 2023 жылы 26 пайызға артты. Студенттердің стипендиясы 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап 20 пайызға, магистранттар мен докторанттардың стипендиясы 15 пайызға көбейді. Дәрігерлердің еңбекақысы 30 пайызға, орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 20 пайызға өсті. Сонымен қатар 2025 жылға дейін мәдениет және мұрағат ұйымдары қызметкерлерінің жалақысын арттыру жоспарланып отыр.