Алматыда 430 мыңнан аса адам декларация тапсырады

Биыл Алматыда 430 мыңнан астам адам декларация тапсыруы қажет.

Бұл туралы Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері хабарлады. Олардың қатарында бизнес өкілдері, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары, заңды тұлғалар мен құрылтайшылар бар. Бұл қызметін уақытша тоқтатып қойған жеке тұлғаларға да қатысты. Кірістер департаментінің қызметкерлері ел арасында жиі айтылып жүрген «мобильді аударымдарға да» тағы бір тоқталып өтті.

Алматылық Александр Грошевтің жеке кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқанына 10 жылға жуықтаған. Қазір шаруасын жақсы жүргізіп отыр. Салығын уақытында төлейді. Тұрғындардан сатқан тауары үшін төлемді ешқашан мобильді аударым арқылы алып көрмегенін айтады. Ақшаны POS-терминал немесе QR-кодтармен қабылдап, чегін беріп тұрады.

Александр Грошев, кәсіпкер:

- Банктің ұстап қалатыны 1%-ке жетпейді әрбір сатылымнан. QR-мен төлейді. Ешқандай қиындығы жоқ. Өзің де тыныш. Тұтынушың да риза. Өзім табысымнан 3% салығымды төлеймін. Бұл аса көп қаражат емес.

Мемлекеттік кірістер: «департаментінің өкілдері де мобильді аударымдарды тексерудің басты мақсаты – заңсыз кәсіпкерліктің үлесін азайту», - дейді.  Әсіресе жеке шотына мобильді аударымдар арқылы төлем алатындарды анықтауға көмектеседі.

Айжан Бекеева, қалалық МКД Түсіндіру жұмыстары және байланыс орталығы басқармасының басшысы:

- Төлемдерді арнайы бизнес шоттарда қабылдау ұсынылады. Демек QR-кодпен, POS-терминалмен қабылдау керек. Ал мобильді аударымдар жеке мақсатына аударылған болып келеді.

Такси жүргізушілерінің қолма-қол ақша төле деген талаптары да заңсыз. Алдымен олар e-Salyq Business немесе Яндекс таксиде жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, басқа әлеуметтік төлемдермен бірге ай сайын 1% салық төлейді.  100 мың теңге тапса, оның 1% салығы – 1000 теңге. Қазір салық міндеттемелерін орындау жеңілдетілді. Есеп беруді тапсыру да оңай. QR-кодты орналастыру да қиын емес. Осының бәрі бір мобильді қосымшада жасалады.

Айжан Бекеева, қалалық МКД Түсіндіру жұмыстары және байланыс орталығы басқармасының басшысы:

- Соның ішінде кассалық аппарат. Соның ішінде есебін тапсыру, егер де ол патент негізінде болса, есеп тапсырады. Егер де мобильді қосымша e-Salyq Business арқылы болса, есеп тапсырылмайды. Айма-ай 1% салығын төлеп отырады.

Мемлекет барлық мобильді аударымдарды тексермейді. Тек әртүрлі тұлғалардан 3 ай қатарынан ай сайын 100 немесе одан да көп мобильді аударымдар алған тұлғаларға ғана, яғни кәсіпкерлік қызметтің белгілері байқалған жағдайда тексеру жүргізіледі. Ал кәсіпкердің қолма-қол ақшасыз төлем қабылдаудан бас тартуы тіптен заңсыз. Ондай жағдайда мемлекеттік кірістер органдарына хабарлау керек.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев.