Жезқазғандық Аркадий Побединский қазақ тілінде еркін сөйлейді

Домбыра тартып, шаңқобыз бен дауылпазда ойнайды.

Серке Қожамқұлов атындағы музыкалық-драма театрының қуыршақ труппасында қызмет ететін азамат қазақша қойылымдарға әуен жазады. Болашақта ұлттық аспаптардың барлық түрін меңгеріп, дәстүрлі өнерді зерттеуді мақсат еткен.

Аркадий Победински әріптестерімен бірге «Қыңыр лақ» қойылымына ән таңдап отыр. Ойға оралған туындыны әрине бірден домбыраға салады. Қуыршақ труппасындағы небары жарты жылда ол қазақтың 5 ертегісін сахналауға атсалысты. Қойылымға лайық шығарма табу, бастан-аяқ әуенмен әрлеу Аркадийдің тікелей міндеті.

Аркадий Побединский, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Балалармен жұмыс істеген оңай деп айтуға келмейді. Өйткені кішкентай болғандықтан көп нәрсені түсіне бермейді. Өзіндік подходы болу керек. Өйткені балалардың мінездері де әр түрлі болады. 

Аркадий қарашаңырақ Қарсақбайдың тумасы. Қаракөздердің арасында өскендіктен бала жасынан қазақ тіліне жетік. Домбыраны да көрші үйдегі досынан үйреніп алған. Кейін Жезқазған саз колледжінің домбыра сыныбын тәмамдаған. 

Аркадий Побединский, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Бала кезімнен қызығушылық пайда болып, осылай жылдан-жылға тілді білу деңгейін көтеріп, дамытып, осы күнге аллаға шүкір жеттік. Аспап көп болғанымен енді жаныма жақыны домбыра. 18 жасымда алдымда таңдау болды, қай жаққа барам деген. Бала кезімнен өнер жолында жүргеннен кейін өзімді сахнада, өнер жолында көрдім.

Аркадий домбырадан бөлек шаңқобыз, дауылпаз аспаптарын да үйреніп алған. Қазақ ертегілеріне музыка жазғанда міндетті түрде осы аспаптарды қолданады. Жүрген жерінде үнемі насихаттап жүреді. Оның бұл қасиеті әріптестеріне де жақсы таныс. 

Жанболат Кәменов, әріптесі:

- Аркадий бауырымызды өзі де, біз де еркелетіп Ардақ деп атаймыз. Ол жігітке қызығып қарайтынымыз өзіміздің ұлттық аспап қазақ домбырасын бүкіл жүрген жерінде, әр түрлі мерекелерде, концерттерде соны дәріптеп жүреді.

Серке театрының қуыршақ труппасы кішкентай көрермендерін ақпан айында кезекті туындымен қуантпақ. Жошы ұлысының құрылғанына 800 жыл толуына орай «Ақсақ Құлан» ертегісін сахналайды. Сол қойылымда Аркадий «басты рөлдің бірін ойнап, актерлік шеберлігімді сынып көрсем», - дейді.

Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов, Гүлшаһира Серікбаева