Алматы облысында жемқорлардың қаржысына 8 мектеп салынды

Алматы облысында жемқорлардан тәркіленген қаржыға 8 мектеп салынды, деп хабарлайды 24KZ.

Соның арқасында 3 ауданда үш ауысымды мектептердің саны қысқарды. Бұл игілікті іс әрі қарай да жалғасады. Биыл облыс орталығы Қонаев қаласында 900 орындық білім ошағының іргетасы қаланады.

Жемқорлардан тәркіленген қаржы республикалық «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына» жолданады. Қордың есебінен биыл Қонаевтағы «Рауан» ықшамауданында 900 орындық мектеп салу жоспарланып отыр. Қажетті жер белгіленді. Сондай ақ келесі жылы қалаға қарасты Арна ауылында 1200 оқушыға арналған мектеп құрылысы басталуы керек. 2 жылда мектепке баратын бала саны өсті.

Бану Әбдірайымова, Қонаев қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Қонаев қаласы облыс мәртебесін алғалы мектепке орналастыру орын тапшылығы көп. Жобалық қуаттылығы бойынша 10 мың болса бала, қазір облыстық мәртебе алғалы 2631 орынға тапшылық бар.

Былтыр жемқорлардың заңсыз тапқан қаржысыны Жамбыл, Қарасай мен Іле аудандарында 7 мектеп ашылды. Биыл қор есебінен құрылысы бітпеген нысандарды аяқтауға қосымша 450 млн теңге бөлінді.

Аят Сәбитов, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Биыл Еңбекшіқазақ ауданы Төле би ауылындағы 450 орындық мектепті және Қарасай ауданы Әйтей ауылындағы 900 орындық мектеп салынып бітеді.

Жалпы қордың қызмет ету мерзімі ішінде 150 млрд теңгеден астам қаражат түсті. Олар еліміздегі мектептерді, қосымша ғимараттар мен интернаттарды қайта жаңартуға, апатты мектептер мәселесін шешуге жұмсалды. Өткен жылы Алматы облысында 15 мың орындық 13 мектеп пайдалануға берілді. Алдағы 2 жылда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша 53 мектеп салынады.

Авторлары: Алмас Садуақас, Аят Дүйсембаев.