Қызылша: елдегі ахуал

Індет өршіп барады.

Былтыр желтоқсан айында қызылша дертінен елде 2 сәби көз жұмды. Бірі 6, екіншісі 4 айлық. Мұны Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі мәлімдеді. Қайғылы жағдайға себеп қызылша екені расталды. Қазір тек бізде емес, бұл ауру жаһанда өршіп тұр. Одан сақтанудың жолы қандай? Маман кеңесіне құлақ түріңіз

Қызылша – бұрыннан бар ауру. Елде өткен көктемнен бері кең тарап жатыр. Былтыр 30 мыңға жуық адам жұқтырған. Оның 79%-і – балалар, 4%-і – жасөспірімдер, ал 17%-і – ересектер. Жыл басынан бері тағы 2 мыңға тарта адамнан вирус анықталды.

Манар Смағұл, ҚР ДСМ «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» басқарма төрағасы:

- Қызылшаның негізгі таралу себептері мен негізгі пайда болу себебіне тоқталып өтсек. Қызылша адамнан адамға жұғады және жөтел арқылы, түшкіру арқылы. Бұны әрқашан есте сақтап отыруымыз қажет. Өйткені адам қызылша вирусына жалғыз себепкер екенін есте ұстауымыз керек. Осы жұқпаға қарсы вакцина алуға болады. Бұл қызылшаны жаһандық деңгейде жоюға мүмкіндік береді.

Ауру жаһан бойынша өршіп тұр. Мәселен, 2022 жылы 150 елде 150 мыңнан астам дерек тіркелсе, былтыр 167 мемлекетте 415 мың адамнан анықталған. Алдын алмаса – асқынады. Соңы өлімге әкеп соқтыруы мүмкін. Маман: сақтанудың бірден бір жолы – вакцина», - деді.

Динагүл Баешева, медицина ғылымдарының докторы, жоғары біліктілік санатындағы инфекционист дәрігер:

- Осы екпе болмай тұрғанда, 60 жылы шықты ғой екпе, ал соның алдында бірталай бала қырылып түсетін. Дүниежүзілік денсаулық ұжымы бүгінгі күні өлім көбіне осы қызылшадан болады деген дәлелі бар. Сондықтан егер баламызды сақтап қаламыз десек, біріншіден, балаға өте көп көңіл бөлу керек. Неге десеңіз, жаңағы қызылша тек тыныс жолдарын емес, сонымен қатар баланың миына, жүрегіне, өкпесіне, бауырына, бүйрегіне – бүкіл ағзаға әсер етеді. Баланың бүкіл иммунитетін жойып жібереді бұл вирус.

Бұл жолы қызылша неге балалар арасында өршіп тұр? Маман былай деді. 2015-2019 жылдары бұл ауру ересектер арасында көп тараған. Сол кезде қосымша иммундау кампаниясы 15 пен 29 жас аралығында азаматтар арасында жүргізілді. Ал коронавирус таралғанда кәмелетке толмағандарға қызылшаға қарсы екпе егу бәсеңдеді. Салдарынан осы жолы ауру балалар арасында кең тарады. Ел бойынша қызылшаға қарсы жоспарлы вакциналау көрсеткіші 94%--тен асты. 949 мың адам екпе қабылдады. Оның 109 мыңы – 6 мен 11 ай аралығындағы сәби, 638 мыңнан астамы – 2-ден 4 жасқа дейінгі бала. Жалпы екпе ересектер арасында 30 жасқа дейін салына береді. Ал кімдерге қабылдауға болмайды? Дәрігер тізіп шықты.

Динагүл Баешева, медицина ғылымдарының докторы, жоғары біліктілік санатындағы инфекционист-дәрігер:

- Медициналық көрсеткіштер бойынша онкогематологиясы бар және иммунодефициті бар, сосын жүкті әйелдерге және де канамицин, неомецин деген дәрілерге аллергиясы бар адамдарға салынбайды. Ал қалған адамдарға мысалы респираторлы басқа инфекция қызып тұрған уақытында салуға болмайды. Бірақ ауру басылған соң ол екпені міндетті түрде жасау керек.

Вакцина алдым, енді ауырмаймын деуге болмайды. Бірақ екпеден соң ауру жеңіл өтеді, асқынбайды, - деді дәрігер. Министрлік өкілі болса, елдегі жалпы ахуал тұрақталып келе жатқанын мәлімдеді.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы.