Шымкентте 9 залдан тұратын ең үлкен кинотеатр ашылды

Соңғы үлгідегі озық технологиялармен жабдықталған кинозалдар Kinopark-Kinoplexx Theaters компаниясының ауқымды жобасына айналды.

Лазерлік залдың ресми ашылуына танымал актерлер мен өнер майталмандары қатысып, киносүйер қауымға мерекелік көңіл күй сыйлады.

 «Шымкент City Mall» сауда орталығына келушілер шат-шадыман. Мұндағы кинотеатрдың ресми ашылуына жиналғандар үшін тегін попкорн таратылып, киногерлермен кері байланыс орнады. Эстрада әндері мен түрлі ойын-сауықтық бағдарлама салтанатты іс шараның шырайын кіргізді.

Кинотеатр бір мезгілде 950 көрерменді қамтиды. Фильмнің жарқын бейнесін анық әрі сапалы көрсету үшін үлкен экрандар орнатылып, әсерлі дыбыстық жүйемен қамтылды. Ұлттық реңк алған заманауи залдар түрлі артықшылықтарға ие.

Әбдірашид Рахметов, Kinopark-Kinoplexx Theaters компаниясының вице-президенті:

- Лампалық кинопроекторларға қарағанда бұлардың жарықтығы, сосын көрген кинолардың түсі барлығы өте айқын және жоғары болып келеді. Бұл біздің жаңа форматтағы кинотеатрлар. Ресторанмен бірге, комфорт зал және стандарттық кинозалдар.

Салтанатты іс шараға жиналғандар үшін «Жыным сол-2» фильмінің арнайы көрсетілімі ұйымдастырылды. Киноның басты рөлін сомдаған актерлер көрерменді құттықтап, кинотеатрдан алған әсерімен бөлісті.

Олжас Әлжанов, киноактер:

- Айтар ойы көп бұл киноның. Қазіргі жастарға көптеген құмарлық ойындарға мына кинода айтары бар, мағынасы бар. Сондықтан келіңіздер Шымкент қаласы тұрғындарының баршасын шақырамын. Осы Kinoplexx 9-ға.

Орталық Азиядағы ең ірі кинотеатрлар желісінің Қазақстан аумағында 26 экранды кинотеатры бар. Оның төртеуі Шымкентте орналасқан. Ал Kinoplexx 9 лазерлік кино залы солардың ішіндегі ең үлкеніне айналды. Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов