БҚО-да киік санын реттеу жалғасып жатыр

Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандарында қалың қардың кесірінен бөкендер Атырау аумағына көшіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Қазір «Бөкей Орда» мемлекеттік табиғи резерваты мен «Охотзоопром» кәсіпорнының қызметкерлері Нарын құмының қойнауындағы қалың киікті браконьерлерден қорғауды қолға алды. Киіктер санын анықтаумен 23 аңшылар бригадасы айналысып жатыр. Бөкеннің еті сауда сөрелеріне шығарылса, мүйізі арнайы орында сақталады. Наурыз айына дейін киіктің Орал популяциясынан 200 мың бас аулануы тиіс. Күні бүгін 3 мыңдайы ауланған. Шектен тыс көбейіп кеткен жануарлардың санын реттеу былтыр күзде басталды. Бірақ қазан-қараша айларында жоспарланған 226 мың бастың тек 20 мыңы ауланды.

Талғат Кенжеахметов, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК БҚО филиалы директорының орынбасары:

- Біздер кеше жүріп, қарап шықтық, киік жануарларының барлығы Жаңақала ауданы, Бөкей Ордасы ауданы және Атырау облысы Құрманғазы ауданының шекаралас аумақтарында жатыр. Ол жақта біз барғанда +2 көрсетіп тұрды. Жаңбыр жауып тұрды, қар аз.