Алматыда 13 мың нысанның жер сілкінісіне төзімділігі тексеріледі

Биыл Алматыда 13 мыңнан астам ғимараттың жер сілкінісіне төзімділігі сыналады.

Соның нәтижесі бойынша тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың электронды паспорты жасалады. Қалада 2017-2018 жылдары 10 мыңнан астам ғимараттың сейсмикалық төзімділігі тексерілген. Сол кезде ғимараттардың 30 пайызы талаптарға сәйкес болмай шыққан еді.

Бұл Әуезов ауданындағы №9 мектеп. Сейсмикалық аудит қорытындысынан кейін жарты ғасыр бұрын салынған ғимараттың жағдайын дұрыстау туралы шешім қабылданған. Қалалық әкімдік әлеуметтік нысандардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударып отыр. Былтыр 8 мектеп пен 1 балабақшаға сейсмикалық нығайту жұмыстары жүргізілген. Биыл тағы 11 ғимараттың құрылымы жақсартылады.

Серік Ғалиев, қалалық құрылыс басқармасының бас маманы:

- Сейсмикалық күшейту жұмыстары кезінде салмақ түсетін конструкцияларды нығайту жұмыстары бұл колонна, ригель, фундаменттерін нығайту жұмыстары. Сонымен қатар сейсмикалық күшейту жұмыстарынан бөлек біз күрделі жұмыстарын жүргіземіз ол нысанда. Ол шатырын ауыстыру, фасадын ауыстыру, әрлеу жұмыстары, инженерлік желілерін алмастыру және аумағын абаттандыру жұмыстары қарастырылған.

Қаладағы ғимараттардың жер сілкінісіне төзімділігін «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының» өкілдері тексереді. Мекеме мамандары былтыр 3500 нысанға аудит жасаған. Әрқайсысының электронды паспорты жасалды. Онда нысан туралы барлық ақпарат жарияланады. Мамандар 2017-2018 жылдары 10 мыңнан астам ғимараттың сейсмикалық құжатын жасаған.

Ералы Шоқпаров, Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының басқарушы директоры:

- Нысанның ішінде мынау 30 пайызы сейсмикалық берік емес деп танылды. Бірақ, бүгінгі таңда 2018 жылдан бері ол ғимараттардың көбісі мысалы, тұрғын үйді алатын болсақ, тұрғын үйлер сүріліп жатыр. Ал мектеп, балабақша болатын болса 2018-ден бері біраз уақыт өтті ол ғимараттардың көбісі күшейтіліп жатыр.

Мұндай зерттеулер маңызды. Бұл ретте басқа елдердің де тәжірибесі ескеріледі. Мысалы, 2008 жылы жапондық мамандармен бірлесе Алматыдағы 450 үйдің жер сілкінісіне төзімділігі анықталыпты.

Нұрсәрсен Өзбеков, Сейсмологиялық зерттеулер мен бақылаулар ҰҒО директорының орынбасары:

- Жапон ммлекетінің тікелей көмегімен Алматы қаласында локаолды жүйе құрылған болатын. Сол жүйе Алматы қаласында әлі істеп келеді. Жапон мамандарының көмектесуімен осында тәжірибелік кейбір аппаратуларды сынап көрдік. Соның нәтижесінде оларды кейін өзіміздің болжау полигонымызда қолдандық.

Мамандар қауіптің алдын алу үшін ертерек қамданған жөн дейді. Жер сілкінісін алдын ала болжауға аса жоғары талаптар қойылады. Бастысы дүмпудің орнын, күшін және уақытын анықтау маңызды.

Қуандық Танабас, Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев, Радик Жакупов