Шалқар көлінің жайы тұрғындарды алаңдатады

Ақтөбе облысындағы Шалқар көлінің табанын тазалау жұмысында шикілік бар.

Арнамызға хабарласқан тұрғындар бюджеттің қыруар қаржысына атқарылған істің нәтижесі мардымсыз болады деп есептейді. Экологиялық ахуалы ақсап тұрған шаһар халқы үшін бұл мәселе өте өзекті. Себебі суы тартылып, балдыр мен қоға басқан суқойма жаяу кешетіндей күйге жеткен.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Шалқар көлінің табаны арнайы техникамен қазылыпғ кемінде 1-1,5 метрге дейін тереңдеуі тиіс еді. Түбінде тұнған қоқыс пен балдыр-қоғадан тазартылғаннан кейін гидротехникалық құрамы жақсарады деген жоспар болған. Алайда жергілікті тұрғындар атқарылған жұмысқа көңілі толмай отыр. Себебі жақын маңдағы жағасына төгілген лай санаулы жыл ішінде кейін қарай көлге құйылады дейді.

Бастапқыда тартылған көл табанын мердігер трактормен тазартқан.  Жергілікті тұрғындар судан шыққан шымы аралас топырақты пайдаға жаратуды  өтініпті. Қуаңшылық салдарынан жер-жерде түзілген сорды көміп, қалғаны жағасына төселді. 

Ерлан Әбдікәрім, Шалқар қаласының тұрғыны:

- Мұның шетіне егер бутовый тас салатын болса, онда қалар еді. Бутовый тас салған жоқ. 2019-дан бастағаннан 2021-де ана бір жерге 35 вагон бутовый тас әкелеміз, істейміз деді.  Бірақ та жасалған жоқ ешқандай.

Өткен ғасырдың басында қолдан бөгелген көл бұған дейін бірде бір рет тазартылмаған. Соңғы жылдары балдыр басып, жаз ортасына жетпей борсып кететін болды. Су қоры 25 млн текше метрден 7-8 млн-ға дейін азайған. Сондықтан мердігерге табанын 3 млн 300 мың текше метр тұнбадан тазартып, жағалай өскен қамыс-қоғаны ору жүктелді.   

Қонысбай Дәулеталин, Шалқар қаласының тұрғыны:

- Жасанды озеро ғой бұл деген. Мұның астына саз төселген Бершігүрдің қатты сазын әкеліп, пресстеліп, төселген. Соның бетіне ғана су жіберген. Қамыс оған жетпейді. Алпыс сантиметрден бір жарым метрге дейін алыну керек еді. Ондайға жеткен жоқ. Тек бетін жаймен ғана алып шықты. Өте жұқа алынғанның пайдасы. Қалың алса ол қамыс өспес еді.

Тұрғындардың бұл уәжімен тапсырыс беруші тарап мүлде келіспейді. Сала мамандары тазарту жұмыстары басталғалы Шалқар көліндегі су деңгейі үш есе артты деген пікірде. Ең терең тұсы 4 жарым метрге жеткен. Дегенмен жұмыс барысын арнайы құрылған комиссия мүшелері бақылайтын болды.    

Аслан Жарасбаев, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының м.а.:

- Су шаруашылығына қатысты тиісті мамандар, экологтар және де біздің осы тиісті мердігер мекеменің өкілдері, сонымен қатар авторлық қадағалау, техникалық қадағалау мамандары бар. Сонымен қатар ауылдың тұрғындары да ішіне қосылған. Осы су қатпас бұрын бір рет барып қарап келді. Бұл маусымдық жұмыстар ғой. Су ерігеннен кейін қайтадан  барып, бақылау жасайтын болады.

Шалқар көлін тазартуға республикалық бюджеттен 2 млрд 600 млн теңге бөлінді. Қазір оның 1 млрд 900 млн-ны игеріліп, жұмыс 80 пайызға бітіп тұр. Сапасы мен нәтижесіне мамандар толықтай аяқталған соң, биылғы күз айларында баға беруі тиіс.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков