Жарнамадағы қатеден көз сүрінеді

Жөнсіз жазылған жарнама азаймай тұр.

Тұрғын үйлердің қасбеті мен кәсіпкерлік нысандардың маңдайшаларындағы қазақша жазбаларға назар салсаңыз, қатеден көз сүрінеді.

Мемлекеттік тілдің ақсап тұрған тұсы – көшедегі жарнама. Қадам бассаң, көше­де ілулі тұрған хабарламадағы орфография­лық, стилистикалық, грам­матикалық қатені көзің шалады. Қа­тені көрейін демейсің, көруге тура ке­леді.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Қазір бас қаланың негізгі көшелерінің бірінде тұрмыз. Бұл маңайдан жүретін халықтың қарасы қалың. Соны білген кәсіп иелері мына аялдама бағанына өз жарнамасын ілген екен. Орыс тілінде нұсқасы түсінікті, ал, қазақшасына қарап күлкің келеді. Тіпті, «сөл» сөзі көпшілік үшін түсініксіз болуы мүмкін. Мұны білмеген халық интернетке теріп, қарайды ғой. Біз де солай жасадық. Алдымыздан қанды сөл, қарын сөлі сөздері шыға келді. Бұған қарап бургер жеуге тәбетіңіз емес жиіркеніш сезіміңіз оянады ғой. 

Рас, жаға ұстататын жарнама көп. Жылытқыштар сөзінен жаңылып, жалатқыштар деп жазғандар да бар. Бөлшек болшек, төлем толем болып жазылып жүргені де жасырын емес. Жаңылды ма, жауапсыздықпен жаза салды ма, әутеуір әріптен жиі шатасатын болды. Одан қалды, аудармаға келгенде түп мағынасынан ауытқып кететіндер де азаймай тұр.

Мөлдір Доспаева, тележүргізуші:

- Кәсіпкерлер кәсіби маманның көмегіне жүгінбейді. Себебі ол ақша тұрады. Сондықтан оны гугл переводчикке сала салады. Оның қалай аударатынын өзіңіз білесіз. Сондықтан, цыпленок табака темекі балапан болып шығады. Менің сөзді емес, мағынаны аудару керек дейтінім сол. Оны тексеретін орган болғанымен оның құзреті жоқ. 

Тіл мәселесінің түйіткілді түйінін тарқату 2018 жылдан бері мүмкін болмай отыр. Сол жылы жосықсыз жарнамамен күресетін жауапты басқармадан бақылау құқығы алынып тасталған. Қазір бизнес иесіне батырып айтатын басқарма да, олқылықтың орнын толтыруға міндеттейтін мекеме де жоқ. Тек, кәсіпкерлер ақпаратын тексертуге өтініш білдірген де ғана түзету жасауға болады. Бұл қызмет түріне  былтыр 3 515 адам жүгінген. Ондағы  тең жартысынан қате анықталып, түзетілген. Ал алда-жалда жұрт арызданып, қате жарнама туралы хабарлама бергенде басқарма кәсіп иесіне тек ұсыныс берумен шектеледі.

Лариса Алдаберген, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы АҚФ басшысы:

- Бізге де хаттар өте көп келіп түседі. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық ұйым есебінде  сіздер қайда қарап отырсыздар деген. Сондықтан біз қоғамның талабын түсіндіруге келгенде мүмкіндік бар, әкімдікке қарағанда. Бірақ, қазір жаңағы шектеулердің де  жылдан бастап өзіндік бір жұмыс жасауына болатын мүмкіндіктері бар.

Әкімдіктен әл кеткеннен кейін, қоғам белсенділері жарнамадағы қателікпен күресуге өздері кіріскен. Олар «соңғы екі жылда 5 мыңға жуық жөнсіз жарнаманы анықтадық», - дейді. Тіл жанашырларымен бірге біз де жарнама жайын бақылауға бел будық.

Лариса Алдаберген, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы АҚФ басшысы:

- Көп жерлерде маңдайша атауы мемлекеттік тілде орналасуы керек, қазақ тілінде. Мысалы мына жерде нұрлы үй тұрғын кешені, қарап тұрсаңыз тек «северный сияние» деп жазылы тұр. Осынының жанында Нұрлы үй деп жазылуы керек.

Еріктілер ескерткенімен оған құлақ асатын кәсіпкерлер аз көрінеді.

Лариса Алдаберген, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы АҚФ басшысы:

- Бұл жерге келдік, ескерту жасадық. Бірақ, өзіңіз көріп тұрсыздар әлі күнге дейін өзгермеген сол, ақпаратпен таныс болып тұрсыздар. 

- Яғни, қазақшасы жоқ. Осы жерде бір сұрақ туындайды, сіздер ескерту жасағаннан кейін кәсіп иесі қанша уақытта жарнамадағы олқылықтың орнын толтыру керек? Заң барма осындай?

- Я, бар, мына нұсқаулықтың ішінде бәрі көрсетілген және біз бұл кәсіпкерге бір емес, екі рет ескерту жасап кеткенбіз.

Ескертуге құлақ асқан болып, шығарып салатындар да бар.

Лариса Алдаберген, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы АҚФ басшысы:

- Міне мына жерде кәсіпкерлік нысанда қазақ тілдік атауы толық жазылмаған. Қандай кәсіпкерлік нысан екенін. Орыс тілінде тұр. Сондықтан бірге түсіндіріп көрейік.  Біз бұған дейін тіл туралы заңның 21 бабы аясында сіздерге келіп түсіндірме жүргізген болатынбыз. Әлі күнге дейін, тапсырыс бердік, әлі күнге дейін күтіп отырмыз. Қалай тапсырыс дайын болады, солай әкеліп өзгертеміз.

Ал кей кәсіп иелері аудармаға келгенде аса ойланып жатпайды. Интернетке теріп, жасанды тілмаштың дегенін жаздырта салады.

Лариса Алдаберген, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы АҚФ басшысы:

- Мысалы кейбір жарнамаларда, кейбір көрнекті ақпараттарда кездесетін тағы бір өзекті мәселе калька сөздер. Мәселен мына жерде, көлік сақтандыру - деп жазылған. Бұл негізінен былай, халыққа түсінікті, тілдің тазалығын ескеретін болсақ, көлікті сақтандыру болса қазақ тіліндегі мазмұны түсінікті болады. 

Көш жүре келе түзеле ме деген үміт бар. Бұлай жалғаса берсе тілміздің құнары құрып, тұнығы лайланары белгілі.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Өрден Жарқын