Синтетикалық есірткі таратқан 4 жасөспірім ұсталды

Бүгінде нашақорлық індетінің кеселі бүкіл қоғамды алаңдатып отыр, деп хабарлайды 24KZ.

Қазір жасанды препараттардың айналымы артып, оның келешек ұрпаққа деген зияны ұлғайып келеді. Сондықтан есірткіге қарсы күрес өрістей түсуі керек. Былтыр тәртіп сақшылары есірткіге қатысты 7 мыңға жуық қылмысты анықтады. Заңсыз сауда айналымынан 36 тоннадан астам улы зат тәркіленді. Полиция қызметкерлері 41 зертхананы жойды. 12 қылмыстық топ әшкереленді. Өкініштісі сол, соңғы жылдары есірткі бизнесіне тартылатын  жеткіншектердің саны көбейіп келеді. 2023 жылы синтетикалық есірткі таратқан 40-тан астам жасөспірім ұсталды. Жыл басынан бері кәмелет жасқа толмаған 4 азамат құрықталды.

Былтыр Ұлттық қауіпсіздік комитеті де заңсыз айналымнан 3,5 тоннадан артық есірткі мен психотропты заттарды тәркіледі. Синтетикалық есірткі жасау үшін пайдаланылатын 75 тоннаға жуық химиялық қоспалар табылды. 36 жасырын зертхананың жұмысы тоқтады. Есірткі жеткізіп берумен айналысатын 34 халықаралық және 32 өңірлік тасымал арнасының жолы кесілді. Тәркіленген психотропты заттың қара нарықтағы бағасы 20 млрд теңгеден асады.