Алматыда аналар кәсіп ашуды тегін үйреніп жатыр

Алматыда 40-қа жуық мүгедектігі бар баланың анасы кәсіп ашуды үйреніп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Оқу курсы тегін. Оған бірнеше қоғамдық қор мен «Атамекен» ұлттық палатасы ұйытқы болған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ерекше баласы бар әйелдер – қоғамдағы ең әлсіз топтың бірі. Сондықтан олардың өздерін жұмыспен қамтығаны маңызды. Жоба жетекшілері қатысушыларға курсты аяқтап, кәсібін ашқанға дейін қолдау білдіреді.

Былтыр оқып шыққан 22 әйел әшекей бұйымдар мен көрпе жасау сияқты қолөнер бағытында жұмыс істеп жатыр. Биыл жобаның ауқымы кеңейіп, Астана, Өскемен, Қостанай Шымкент қаласында да қолға алынды. 3 айлық курс барысында бизнесті бастаудан бастап, заңдық тұрғыдан кеңес беріледі.

Айша Қасымәлиева, жобаға қатысушы:

- Ерекше баланың анасымын. Баламның жасы 6-да. Диагнозы – микроцефалия. Баламен үлгеремін. Жұмыс істеп те, бала қарап та. Мен қазір өзім кішігірім Instagram арқылы ойыншықтарымды сатамын. Кәсіпкерлік негіздерін енді-енді үйреніп, ментор арқылы біліктілігімді арттырғым келеді. Ешқашан мойымаңыздар деп айтамын. Бірінші Аллаға сеніңіздер, одан кейін өздеріңізге сеніңіздер.