Маңғыстау облысының барлық ауданына метанмен жүретін автобустар қатынайды

5 ақпаннан бастап Маңғыстау облысының барлық ауданына метанмен жүретін автобустар қатынайды.

Аймақ автопаркі 53 орындық 10 жаңа автобуспен толықты. Қоғамдық көлікте желдеткіш, бейнебақылау камерасы, мүгедектігі бар адамдарға арналған қондырғы, GPS жүйесі бар. Жолақы елді мекенге дейінгі қашықтыққа байланысты 300 теңгеден 2 мың теңгеге дейінгі аралықта белгіленген. Автобустарға отын құю үшін метан газ станциясы іске қосылды. Жақын арада тасымалдаушылар электронды жол билетін енгізуді көздеп отыр. Мамандар «Метанмен жүретін қоғамдық көліктің сұйытылған газ шығынын азайтуға ықпал етеді»,- дейді. Әрі ол басқа отын түрлерінен әлдеқайда арзан.

Тұрсынай Нұрғалиева, қала тұрғыны:

- Мына автобусты рахмет ашқандарыңызға, бұның іші комфорт, сиденьесі де өте тамаша, кондері бар, телевизоры бар, жүк салғышы өз алдына, таксиден он есе арзан десе болады, себебі біз Бейнеуге бес-алты мыңмен баратын болсақ, екі мың деген әңгіме жоқ.

Жұмабай Қарағаев, Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары:

- Осы маршруттардан басқа тағы да қосымша қала және ауданішілік маршруттар ашылғанда болашақта 200-ден астам жұмыс орны ашылады, бүгінгі күні жақын арада 20 жұмыс орны ашылады.