Ақтөбе облысында ақтүтек боран. LIVE

Қазір барлық бағыттағы жол жабылды. Соңғы тәулікте Төтенше жағдайлар департаменті мен полицейлер далада қалған 140 адамды құтқарды.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Соңғы күндері облыста қалың қар жауып, елді мекендер арасындағы қатынас бірнеше рет тоқтаған болатын. Бүгін түнде қатты жел тұрып, алай-дүлей боранға ұласты. Қар құрсауында қалған 68 Тәжікстан азаматы жол бойындағы кемпингке жеткізілді. Құтқарушылар Өзбекстанның 56 азаматын Қарабұтақ ауылының мешітіне орналастырды. Дәл қазірдің өзінде далада ақтүтек боран. Облыс жолдарындағы жағдайды дәл қазір менің қасымда тұрған Төтенше жағдайлар департаменті өкілі Әлішер Сарбаев баяндап беруге дайын. Әлішер Маратұлы, өңірдегі елді мекендермен байланыс бар ма?

Әлішер Сарбаев, облыстық ТЖД бас маманы:

- Облыс орталығында да жағдай күрделі. Желдің кесірінен көптеген шағын ауданда электр жарығы жиі-жиі сөніп, сәйкесінше ауыз су ішінара үзіліп тұр. Көше қиылыстарында көлік қозғалысын полицейлер реттеуге кірісті. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы елді мекендерге қатынайтын 7 бағыттағы қоғамдық көлікті тоқтатып отыр. Дәл қазір Әуеқалашығы ауданында көпқабатты баспананың шатырын жел ұшырып әкеткен деген ақпарат та түсіп жатыр. Зардап шеккендер жоқ. Синоптик мамандар мұндай ауа райы әлі бірер күн сақталуы мүмкін деген болжам айтты. Ал қалыптасқан жағдайға орай жауапты мекемелер күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Түннен бері түрлі коммуналдық қызмет күштері біріккен 15 жедел топ кезекшілік атқарып жатыр.