Алматы облысы Алмалыбақ ауылы толып қала беретін кәрізден қиналып отыр

Алматы облысы Алмалыбақ ауылының тұрғындары үнемі толып қалатын кәріз құбырынан зәрезап болған.

Салдарынан айналаға жағымсыз иіс тарап, тіпті бір үйдің жертөлесін су басып, іргетасына зиян тиген. Бұл мәселе Қарасай ауданының басқа да елді мекендерін толғандырып отыр.

Аршын Кемелжан, тілші:

- Көшедегі кәріз құбыры тазаланбаған соң тұрғын үйлердің жертөлесі сасық суға толып қалған. Кіреберіс дымқылданып, есіктерге мұз қатып тұр. Ал қалдық судың күлімсі иісі қолқаны қабады. Жауаптылар мен мердігерлердің жауапсыздығы салдарынан тұрғындар зардап шегіп отыр. 

Алмалыбақтың тұрғыны Светлана Дидаренько бір жарым ай бойы осы жағымсыз иіспен тыныстауға мәжбүр. Желтоқсан айынан бері жертөлесін кәріз суынан бірнеше рет өз ақшасына тазартыпты. Бірақ нәтиже жоқ. Ауыл тұрғындары кәріз жүйесі уақтылы тазаланбайды, үнем қалдыққа толып тұрады дейді. Ал жауапты компания жертөлеге су - үйдің құбыры тесілгендіктен ағуда деген шешім шығарыпты. 

Светлана Дидаренько, Алмалыбақ ауылының тұрғыны:

- Бізге құбырларыңыз ескіріп, жарыла бергендіктен үйдің фундаменті үгітіліп жатыр,-дейді. Мұны қазір шешпесе, су баса беретін болса үй құлап қалады. Жер сілкінбесе де құлайтыны анық. Осы проблемадан шығатын жолды, шешімді таба алмадық. Бізге ешкім көмектескісі келмейді.

Бітеліп қала берітін кәріз құбырының зардабын бірнеше үй емес жарты ауыл тартып отыр. 2017 жылы ауыл құбырларын жекешелендіріп алған компания, бұл мәселені коммуналдық тарифті көтеру арқылы шешеміз,-дейді.

Бауыржан Серікханов, мердігер компания директоры:

- Инвестициялық тариф бағдарлама бойынша 5 жылға 5,5 шақырым кәріз жүйесін ауыстыруға арыз беріп қойдық. Ол енді қаралады құдай қаласа наурызда біздің бекітілген тариф шығу керек. Біз тарифті өзіміз қоймаймыз. Ол бекітілген тариф облыспен.

Бұл мекеменің жұмысына көршілес Жалпақсай мен Балтерек ауылы да наразы. Себебі, Алмалыбақтың кәріз суы сол маңайдағы полигонға құйылады. Одан бөлек Қарасай ауданының басқа да елді мекендерінен шығатын қалдықтарды да ассенизаторлар осында әкеп төгеді. Тұрғындар жазда терезе ашудан қалғанын айтады. Ал жекеменшік компания 2029 жылға дейін жалға алған полигонды қазір жабуға құлықсыз. Аудан әкімдігі кәріз проблемасын біртіндеп шешеміз, дейді. 

Дулат Сансызбаев, Қарасай ауданы әкімінің орынбасары:

- Қаскелең қаласынан жаңағы қалалық кәріз жүйесіне қосылу туралы жоба жасалынып жатыр. Биылғы жылы бітсе, келесі жылы өтінім хат беріп, құрылыс жұмыстарына ақша сұраймыз. Сол кезде әр ауылдарды біз жеке-жеке қосамыз.

Жекешеленіп кеткен кәріз жүйесіне жергілікті биліктің үкімі жүрмейді екен. Оның жанынан жаңа кәріз құбырын тартпақ. Оған уақыт керек. 

Аршын Кемелжан, Кенже Амраев